Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдерінің статистикасына сүйенсек, Атырау облыстық перинаталдық орталығында соңғы екі айда елуге жуық шақалақ шетінеп кеткендігі белгілі болды. Осыған байланысты бала өлімі өршіп тұрған орталықтың босану бөлімшесі уақытша жабылатындығын Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы мәлімдеді.
«Перинаталдық орталықтың желдеткіш жүйесі соңғы бір жарым жылдан бері жұмыс істемеген. Соның салдарынан ауада шаң мен инфекция жиналған. Ақылдаса келе, осы жағдайлар орын алған босандыру бөлімшесін уақытша жабу туралы келісімге келдік. Бұл перинаталдық орталық түгел жабылады деген сөз емес”, – деді Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Нығмеджан Сапаров.
Аты шулы перзентханадағы төсек жапқыш пен жаялықтар арнайы орында емес, аулада жуылып кептірілген. Қазір мамандар ол жерден сынама алып тексеруге кірісті. Ең сорақысы, дәрігерлердің мас күйінде ота жасап, сәбилерге зақым келтіргені анықталған. Осы жайттардың бәрі бала мен ана өлімінің көбеюіне әсер еткені белгілі болды.
Себебі, биыл 45 мың сәби дүниеге келсе, оның 442-сі өлі туған. 432-сі жарық дүниені көре салып шетінеген. Ал бұл былықтардың әшкереленуіне себепкер болған сәби қазасына қатысты деректі жемқорлықпен күрескерлер ойда жоқта анықтаған. Жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген Қуаныш Нысанбаевтың телефонын тыңдау кезінде, баланың көзін жою туралы бұйрығын естиді.
«Біз әңгімені естіген бойда сәбиді құтқарып қалу үшін шұғыл жеттік, бірақ үлгермедік. Перинаталдық орталық қызметкерлері ұзақ уақыт бойы есікті ашпады. Ал Қуаныш Нысанбаевты сағаттап іздеп, қаладағы сауналардың бірінен ұстадық. Тергеу жұмыстарынан кейін сәбилердің жаппай өлімінің нақты себебі белгілі болады деп отырмыз”, – деді Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Н.Сапаров.
Пікір қалдыру