1921-1922 жылғы ашаршылық және "Торғай ісі"(жалғасы)

/uploads/thumbnail/20170708151018612_small.jpg

Тарихта «Торғай ісі» деген атаумен  қалған бір басылып, бір көтеріліп ұзын сонар үш жылдан астам тергеу, тексеру соңынан сотқа ұласқан іс басталды. Ақиқатын айтсақ, бұл аштық алқымнан алғанда ел жайы деп жаны ауырып, халықты көмекке жұмылдырып, ел аралап жылуға мал жинап, «қайтсем көмегім тиеді» деген ниетте болған жаны таза ұлтжанды азаматтардың Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың  және т.б. жігерін құм қылды. Қаншама жасаған еңбектері еш кеткендей болды.

1923 жылы Орталық комитеттің және облыстық партия комитетінің ұйымдастырумен мал таратуға тікелей қатысқан Торғай уезінің қызметкерлері Ахметсапа Жүсіпов (Юсупов), Шайқы Құлжанов, Ілияс Бәйменов, Қазгелді Қарпықов, Рүстем Әбдіғапаровтардың ісі қаралып, айыпталды [19]. Тексеру, тергеуде А.Жүсіповтың алашордашыл М.Дулатовтың бажасы, ал, Рүстем Әбдіғапаровтың ел ішінде Амангелді Имановты өлтіруге қатысы бар деп айыпталып, кейін қызылдар қолынан қаза болған Әбдіғапар Жанбосыновтың кенже ұлы екендігі, әрі Рүстемнің алашордашыл А.Байтұрсыновқа жақындығы, туысқандығы бар екендігі айтылды. Шынында, Рүстемнің әкесі Әбдіғапар Жанбосыновтың анасы А.Байтұрсыновтың апасы Алуа еді. Рүстем А.Байтұрсыновқа қазақы ұғыммен жиеннен туған жиеншар. Сонымен қатар, Рүстем А.Байтұрсыновтың қызы Катезге үйленді [20,40; 57; 86 бб].

РСФСР Жоғары сотының Қазақ бөлімі 1924 жылы 13 маусымда бұл істі тағы қарап аталған азаматтарды іс бойынша қылмысты деп санады [21, 16п.]. Бұл іс одан әрі келесі жылы тағы қаралып Ж.Аймауытов, А.Жүсіпов, Ш.Құлжанов, Р.Әбдіғапаров, І.Бәйменов, Қ.Қарпықовты мал үлестіру барысында қолхат алынбағынын негіз қылып, әрі мал «байлар мен орташаларға үлестірілді», Торғайдың жауапты қызметерлеріне мал үлестірді, дегенді желеу қылып айыпты деп тапты. Ж.Аймауытов мал үлестіру ісіне араласқан аталған торғайлық жауапты қызметкерлермен бірге Қылмыстық Кодекстің 110 бабы бойынша айыпталды [22, 1-2 пп.]. Ж.Аймауытов бірнеше рет тергеуге шақырылып, іс 1925 жылдың 3 қазанында аяқталды.  Іс аяқталғаннан кейін қосымша тергеу жұмыстары жүрді. Он екі томдық «Торғай ісі» толық бітіп, сотқа жіберілді.

1926 жылдың 13-23 наурыз аралығында Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласында «Торғай ісі» деген атпен сот өтті. Сотқа тартылғандар өздерін айыптау ісімен келіспеді. Тергеудің бір жақты өткендігін, айыптаудың еш негізсіздігін, айыптаушы куәгерлер көрсетулері жала екендігін алдын ала мәлімдеді. Ж.Аймауытов сот процессіне куәгер ретінде аштық жылдарындағы ахуалды және осы істі білетін Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовты, Қазақ мемлекеттік баспасынан Тоқжігітовті, Сауда Халық Комиссариатынан А.Кенжинді, Академиялық Орталықтан А.Байтұрсыновты, Әлеуметтік істер жөніндегі Халық Комиссариатынан Ә.Жанкелдинді, Халық Ағарту Комиссариатынан Лекеровты шақыртуды сұрады [23]. 

Осы уақытта Оқу-ағарту комиссары, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы С.Сәдуақасов азаматтық позициясын көрсетті. Ол аштық қыспаққа алған жылдардағы қазақ зиялыларының жанкешті ұлт үшін жасаған істерін жоғары бағалады. Сот процессін үнемі қадағалап отырды. Сот жүріп жатқанда Москвада болған С.Сәдуақасов «Түрмедегі айып орындығында отырған торғайлықтардың ісін толық ақтайтын аса маңызды дерек менде бар. Мен келгенше сот ісін тоқтата тұруларыңызды өтінемін» - деп жеделхат жолдады [3, 92 б; 24,92-96 пп.].  «Еңбекші қазақ» газеті соттың өту барысы жөнінде 1926 жылдың 15-26 наурыз аралығында сандарында хабар беріп отырды. Бастапқы сот отырыстары бірінде, қойылған сұраққа Ж.Аймауытов «Малды бөлгенде комиссияның басқа мүшелері – Құлжанұлы, Балғабайұлының көрсетуімен ауылдық, болыстық өкілдердің қолына бермек ордерді мен жазып тұрдым. Жеке адамдарға қызметкерлерге мал бергенде комиссияның ұйғарған адамдарына ғана бердім. Малдың дұрыс бөлінуіне, мұқтаждарға, аштарға бөлінуіне көңіл бөлдім» - деп орнықты жауап берді[25].

  Сонымен қатар, бұл сот процессінің саяси астары болғаны да ақиқат. Аштықта абырой бедел жинайын деп емес, ел жанашыры болып белсене көмек көрсеткен кешегі алашордашыларды, олардың көрнекті өкілі Ж.Аймауытовты сүріндірудің бір мүмкіндігі туған еді. Себебі, аштық жылдары кеңестік өкімет емес, халыққа алашордашылардың жақын болып, олардың мұңын жоқтап, аштық алқымнан алғанда жанкештілікпен қызмет еткені анық еді.

Ж.Аймауытовқа «Тоғыз мың малдың басқа жаққа апарылмай, Торғайға әкелінген себебі не? Торғай уезі азаматтарымен бұрын таныс па едіңіз? Торғайдың Семей жақта жүрген азаматтарының ішінде танысыңыз бар ма? – деп қойған сұрақтардың мәніне назар аударсақ, Торғай алашордашыларымен байланысыңыз бар-ау, әйтпесе осыншама мал неге Торғайға әкелінді? деген жымысқы астар жатқаны да айқын еді.

Ж.Аймауытов сақтықпен, әрі дәлелді түрде, «басқа ашыққан елге апаруға өте алыс болғандықтан, ашыққан елдің жақыны Торғайға әкелінді. Торғай азаматтарымен бұрын таныстығым жоқ. Семей жақта жүрген М.Дулатұлымен таныс едім. М.Дулатов Семейде губсоттың мүшесі. Жылу малды бірге жинасты, - деп жауап берді.

ОГПУ тергеушілерінің 1. Малды аштарға таратып беретін комиссияның мүшелегіне қасақана кіріп, «Алашорда» Үкіметінің туыстарына заңсыз үлес берді. Кедейлерді үлестен қақты. 2. Үлестірілген малды кім алғаны туралы қолхат алмады. 3. Үшінші өз бетінше бақташыларға мал үлестірген, - деп [3, 96 б.] таққан айыптарына өзінің ақтық сөзінде дәлелді, бұлтартпас жауап қайтарды.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қарым қатынасы мен заңды сақтау тәртібін байланыстыра келіп, сол кездегі жағдай мен аш адамдардың көңіл күйін сипаттап шынайы тазалықпен сөйлеген сөзі тыңдаушыларға ерекше әсер етіп, тебірентті. Жүсіпбектің адалдығы мен ізгілігіне деген сенім тудырды. Ж.Аймауытов «...Бұл іске, меніңше кейбіреулер заң жүзінен қарап, біреулер сұрқиялық көзбен құрғақ сөзге салынып жатырған көрінеді. Бұл малдың жиналу ретіне келсек, қазақ арасында жиналған мал – қазақ әдетімен жиналды, сондықтан бөлу де қазақшылық ретімен болды. Ал енді малдың бөлінуі туралы наразылық – көрінеу түрде, ру ретімен, ескі әдеттен шықты. Торғай еліне 4 000 мал келгенде көктен түскендей болды. Мал адамның етіне жақын болғандықтан да олар өте қуанып тік көтеріле даярланды. Малдың басына барған кезде адам, халық малға қаптап кеткен еді. Аштарға малды бер бастағанда халықтың қызығуы, алқымнан алуы солайша күшейе бастады. Бір жағынан – аштардың тізімін алып жатсақ, екінші жағынан – мал бер деп жағадан алып жатты.

Жалпы қазақтың бұл туралы әдетін алсақ: 8000 малды үлестіріп алу түгіл, 8 кез сисаны жанжалсыз үлескен емес. ...Сондықтан бұл іске дау шықпайды деуге болмайды.

...Мені: «Неге комиссияға кірдің?» деп айыптайды. Мұның қисыны жоқ. Себебі, ала жаздай бейнеттеніп келіп, комиссияға кірмей, малдың қалай бөлінгенін білмей кетуім дұрыс па еді? Әрине дұрыс емес. ...Ал енді екі жұма баққан 74 малшыға – 74 қара, малшылардың тамағы, киісі деп – 30 шамалы қара берілген. 2-ші (рет айдап әкелінген) малдан менде ондай шығын болған жоқ.

Ал енді: азаматтарға мал берді (үлестірді), - дегені туралы. Мен малды кедейлерге беру жолында болдым. Мысалы, Орынборда жатқан Жангелдинге 15 қара бер – дегем жоқ. Солардың кедей аш-арық  туыстарына береді деп сенгенмін.

Мен Торғай оязының партия құмарлығын, ақсақалдар дәуірі кетпеген ел екендігін газетте де жазғанмын. Сондықтан да уәкіл сайлауын сол елдердің өз ортасына жіберген күнде де, (олар) бізге дұрыс уәкілдерін сайлап бермес еді. Сондықтан біз сенімді (адамды), Торғайдың жауапкер қызметкерлерінің алдында сайлатуды мақұл көрдік. Сондықтан қалады, ауотком алдында сайлады – деп айыптау қате.

...Ал енді осы тәріздес істен саяси астар шығаруды ойлайтындар бар көрінеді. Бірақ оны жоғарда айтқан Торғай елінен шығаруға бола ма? Себебі Торғай елінің большевигі де, Алашы да жуан, атқы мінгендері – оқығандар. ...Міне осыдан саясат шыға ма?

Қағаз (қолхат) алмады деседі. Ол үшін бұл істің қандай уақытта болғанын еске алу керек. Бұл ат үстінде  болған іс, талмау уақытта болған іс – деп ашығын, әділін айтты [26, 208-212 бб; 3,96-98 бб.].

Ж.Аймауытов сөзінің мәні мен мағынасы ашық сот мәжілісіне қатысқандарға қазақы ұғыммен түсінікті болды. «Қазақ ежелден қарыз беріп қарыз алады ...Сонда ол бірінен бірі еш уақтытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды. Бәрін ауызша сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестірген кезде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім» дегенді айтты [16, 203-204 бб].

Сөзінің соңында Ж.Аймауытов: «Басқа табар елім жоқ. Өз елімнің ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң, ғұрпы мені айыпты десе амалым не? – деп сөзін бітірді [26, 212 б.].

Ж.Аймауытовтың сөзі неғұрлым сенімді, байыпты, салмақты шыққандығы сондай сот мәжілісіне қатысқандардан қолдау тапты. Осы істегі басты айыпкер Ж.Аймауытов сотта ақталып шықты. Ал, 1926 жылы 24-наурызда сот іске қатысты торғайлық қызметкерлер коммунист И.Бәйменов пен партияда жоқ Қ.Қарпықовты 1 жыл 6 айға, А.Жүсіпов пен Ш.Құлжановты 2 жылға бас бостандықтарынан айырды. Биліктегі ұлтжанды қазақ зиялылары аштық жылдарындағы Ж.Аймауытовтың атқарған ісінің дұрыс екендігін білгенімен, іштей қолдағандарымен кешегі алашордашылды ашық қолдай алмады. Бірақ та, С.Сәдуақасовтың, Ж.Мыңбаевтың тікелей ықпалымен Қазақ Орталық Комитеті араласуымен осы жылдың 26-сәуірінде кешірім жасалынды [27, 72 п.].

С.Сәдуақасовтың ықпалымен деп отырғанымыз, мұны О.Исаевтың сот процессін баяндап Ф.И.Голощекинге жазған хатынан айқын аңғарамыз. О.Исаев Голощекинге бәрін баяндап отырды. Сәдуақасовты кінәлап, бір жағынан тісін батырып Сәдуақасовтың не айтқанының, Ж.Аймауытовты қалай қорғағанын мәлімдеді. Сәдуақасовтың « ...сотта куә ретінде не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұхсат беріңіздер, қазақтың қаламгерлерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін» дегенін, М.Дулатовтың «Еңбекші қазаққа» Ж.Аймауытовты және Торғай қызметкерлерін қорғап жазған мақаласын жариялауға келісім бермегенінде С.Сәдуақасовтың жариялатқанын да баяндады. С.Сәдуақасовтың Аймауытовты «қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы, ол «Интернационалды», «Жас гвардияны» аударды дегенін, сондай-ақ «бұл сот процессі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеме емес, сондықтан да соттың құрамы ... ол деңгейден (Алашордадан, алашордашылардан – Қ.Д.) төмен» дегенін де қалдырмай жеткізді [24, л.92-96]. Голощекинге жазған осы хатында «Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажырамаған. ...Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты» - деп Смағұлды алашордашыларға қосақтады. Солардың бағытын астыртын жүргізіп отыр дегенді жеткізді. Онсыз да ұлтжанды қазақ зиялыларын ұнатпайтын Голощекинді С.Сәдуақасовқа қарсы қойды.

Ұлтжанды С.Сәдуақасов Жүсіпбекті және торғайлық азаматтарды соттатпауға бар күшін салғаны анық. 

РСФСР Жоғары Соты Қазақ бөлімінің анықтамасында да Торғайдың жауапты қызметкерлері Алашорданың көрнекті өкілдері Юсупов, Құлжанов, Бәйменов т.б. амнистия болып ақталғаны жазылды [28, л.89-89 об].

Осылай бірнеше жылға созылған атышулы «Торғай ісі аяқталды».

Бірақ, осы арада сәл шегініс жасасақ, бір күмән тудыратын маза бермей жүрген жай бар. Ол – шынымен жоғарда айтылған Ж.Аймауытовты айыптаған, қаралаған мақаланы жазған Файзолла ишан ба екен деген сұрақ. Файзолла ишан Сатыбалдыұлы Торғай еліндегі танымал, дін ұстаған, қари атанған елге сыйлы кісі. Бұл кісінің дәл мұндай пендешілікке бара қоюы неғайбыл деген де ой келеді. Осы тұрғыда, біріншіден оқыған, білімді, сөзіне ел тоқтаған адамның атын жамылып басқа біреу жазуы мүмкін. Солай болғанның өзінде оң солын жетік білетін Файзолла ишан газетке өзі емес екендігін жазып терістеу керек еді. Олай болмады. Олай болмаған соң, екіншіден, әлде бір бізге белгісіз себеппен мәжбүрлеп жаздырды ма екен деген ой туады. Бұл арада айтқымыз келіп отырғаны кеңестік билік қысым көрсетті ме дейміз. Үшіншіден, газетте мақаланың авторы «Файзулла Ишанов» деп жазылған. Бұл кісі өз атынан жазса Сатыбалдыұлы немесе Сатыбалдиев болар еді. Кейін 1928 жылы «ұлтшыл» атанып, сотталып, «Беломор канал лагерінде айталып, сонда ескі досы, әрі нағашысы М.Дулатовпен кездесіп бірге болды деген де дерек бар. Ахметті, Міржақыпты құрмет тұтқан, әрі тетелес нағашысы Міржақыппен кішкентайында араласып бірге өскен, елге сыйлы адам өз атына кір жұқтырмасы керекті. Аштыққа ұшыраған елге Семей губерниясынан келіп жатқан көмектің сыртында сол жылдары ел ішінде әлі де абырой беделі жоғары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың тұрғаны да күмәнсіз еді. Ашыққан ел, келген көмектен орындарынан тік тұрып кетпесе де, аштықтан есеңгіреген елге демеу болатындығын көзі ашық, көкірегі ояу Файзолла ишанның білмеуі мүмкін емес еді. Ж.Аймауытовтың мал таратуға Торғай еліне келгенде Файзолла ишанмен кездесуі де кәдік. Алаш зиялыларын қатты қадірлеген Файзолла ишанның Ж.Аймауытовтың Торғай елінің азаматтары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ғ.Бірімжанов, К.Тоқтабаев т.б. қатар жүрген үзеңгелісі екенін екенін білгені де анық. Осыны біле тұра жала жауып, мақала жазды дегенге сену қиын. Бірақ, «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №69 санында Файзулла Ишанов деп тұрғаны да тасқа таңба басқандай.

Кейін 1937-38 дің зұлматында шейіт болған А.Байтұрсыновтың қазасын естігенде  қатты қайғырып Файзолла Сатыбалдыұлы:

«...Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,

Қайрылмай алды артыңа кеткенің бе?

Ахмет опат болды дегенді естіп,

Егіліп жылай бердім, тек дедім де!...

...Бақұл бол, қайран Ахмет ақ сұңқарым,

Қош айтып рухына басыңды идім!» – деп күңіренгені ел есінде [29, 95 б.].

Тағы да айтсақ, Міржақыптың қазасын естігенде:

««Міржақып өлді деген сөз,

Ішімді өртеп кетті лез...

Дірілдеп жүрек демігіп,

Малынды жасқа екі көз.

Қасиет тұтқан Алашым,

Кеңге жайған құлашын.

Намысты қолдан бермеген,

Қайран да менің нағашым.

Міржақып пен Ахмет

Нақақтан-нақақ болды шет

Бір уақыттар болғанда

Ақталар орнап әділет.

Қиянат кетпес тоқтаусыз

Әділ сөз қалмас құптаусыз.

Күндердің күні болғанда

Міржақып кетпес жоқтаусыз...» - деп жоқтады, қайғырды, ертеңгі күнге үміттенді..

Осындай елге сыйлы адамның Торғай азаматтарын және Ж.Аймауытовты сергелдеңге салған үш жылдан астам уақытқа созылған «Торғай ісінің» басында тұрды дегенге сену қиын-ақ... Кеңес үкіметі тарпынан қысым көріп жүрген Файзолла ишан басында біз әлі де білмейтін, әлде бір қиын жағдай болды ма екен деген сұрақ туады. Файзолланың мына бір өлең жолдары да көп нәрсені аңғартқандай емес пе?

... Болса да көкірегім – алтын көмбе,

Мен де бір бағы жанбай кеткен пенде.

Асығыс ғайбаттама не істеген деп,

Боларсың қысым көрсең мендей сен де...- дегені өмірден аз теперіш көрмеген Файзолла ишанның тағдырының бір тылсым сұрағына жауап бергендей. Осы бір өлең жолдарын неге жазды, қашан, қандай себеппен жазды деген де сұрақ туады.

Немесе, аумалы төкпелі заман тартысында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігіне жауап таппай қиналған болуы да кәдік. Кеңес жағында шығып, 1918-22 жылдары болыстық милиция бастығы қызметінде болуы, одан кейін бір жола дін жолына кетуі заман дауылы мен шырғалаңында жол іздеуін білдірсе керек. Файзолла ақынның:

Ай, заман-ай, заман-ай,

Замананың зауалы-ай.

Құбылып соққан құйындай

Айласы мен амалы-ай…

Бір қазақтың баласын,

Екіге бөліп арасын,

Қырқыстырып қойғаны-ай,

Ағызып көзден сорасын– деген өлең жолдары бір құпияны бүгіп жатқаны анық.

Қалай болғанда да есте қалатын жай, Торғай ісі» көп нәрсеге нүкте қойды. А.Байтұрсынов Академиялық Орталыққа кетті. Өзінің бұл қадамын: «Ғылыми-педагогикалық жұмыспен еркін араласуым үшін» деп түсіндіруі жай сылтау ғана еді. Шын мәнінде бұл оның «Ақ болсын, қызыл болсын, бәрібір, мен қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» [3, 103 б.] деп мәлімдеген пікірінде қалуы еді. Кеңес үкіметінің қазақ мүддесін қрғамайтындығына, оны тап мүддесімен алмастырғанына А.Байтұрсыновтың көзі анық жетті.М.Әуезов ше, оның да көңілі большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметінен біржола қалды ма, ҚОАК мүшесі бола отырып, ешкімге ескертпестен Ташкентке кетіп қалды, одан әрі Ленинград университетіне ауысып кетті. Партия билетін Өлкелік комитетке почтамен салып жіберді. Кейін осы жайға байланысты жауап бергенде тергеушілерге «Еңбек тәртібін бұзғаным үшін және мүшелік жарна төлемегенім үшін мені партиядан шығарып тастады» деп уәж айтқан болды [3, 104 б.]. Бұл большевиктік үкіметтің пиғылын аңғару мен онымен тікелей одақтасудан, оның бір бұрандасына айналудан, әрі мемлекеттік қызметтен түңіліп бас тарту еді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары белсенді қызметке араласқан М.Әуезов осылай мемлекеттік қызметтен біржола кетті. Ғылымға, білімге, ағартушылық жұмысқа бет бұрды. Мүмкін бұл, биліктен торығу, түңілу ұлы тұлғаның ғылымға, ұлтқа қызмет етудің жаңа жолына түсуіне, таңдауына мүмкіндік берген болар. Әлемдік деңгейдегі құндылықтар қатарынан орын алған ғылыми-көркем шығармаларының тууына жасалған бетбұрыс болған болар десек қателеспесбіз.

Тағы да бір жайдың беті ашылды. Қазақ зиялыларының арасындағы жіктелу процессі тереңдей түсті.

Қазақ азаматтарының бірі ел ашаршылыққа ұшырып, есеңгіреп, тоз-тоз болып жан сақтау үшін босып кеткенде, қолына түскеннің бәрін талғажау қылғанда, бірі елге қалай көмектесеміз, қалай аман алып қаламыз деп жанкештілікпен ел аралады.

Ал, екіншілері жоғардан большевиктік биліктен, Кеңес өкіметі тарапынан қимыл болмаған соң бір пәлеге ұшырап қалармыз дегендей еш әрекетсіз отырды. Алғашқылары ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жиналған малды ашыққан халыққа жеткізгенде, екіншілері олардың ісінен үкіметке, партияға қарсы пәле іздеді. Олардың

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар