Марғұлан Сейсембай: Тоқаевты қазір популист деуге келмейді

/image/2019/11/01/crop-134_4_512x683_sgieinf9.jpg

Қазақстандық кәсіпкер, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсенбай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына келіп айтқан ойларына қатысты пікір білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Exclusive-ке берген сұхбатына сүйеніп. 

Алдымен, кәсіпкер Тоқаевтың жиында айтқан дүниелері жай ғана популистік нәрсе болып қалмасы үшін әрекетке көшкені жөн деген ойды алға тартады.

– Тоқаев оңтүстік астанаға келіп, біраз мәселелерді көтеріп, елді таңқалдырды. Оның айтқан дүниелері, менің ойымша, өте дұрыс. Бірақ оны жүзеге асыру – бір бөлек. Тоқаевтың популист емес екенін іске кіріскенде ғана білеміз. Оған, шамамен, жарты жылдай уақыт кетеді. Егер осы уақыттың арасында Тоқаев айтқан мәлімдемесін іске айналдыра алмаса, онда популистік мәлімдеме жасаушы адам ретінде қалып қалуы мүмкін, – дейді Сейсенбай.

Алайда Тоқаевты қазір популист деуге келмейді. Өйткені Көкжайлаудағы құрылысты көктемде тоқтату тұру туралы ойын айтып, кейін осы жолы оны тоқтатуға толық бұйрық берді.

– Яғни, Тоқаев батылдық танытты. Саясаткердің қандай адам екенін тану үшін 5 нәрсеге мән берген жөн. Бірінші – саясаткердің белгілі бір мәселеге қатысты айтқан ойы, екіншісі – оның осы мәселеге қатысты шешімі болса, үшіншісі – іс-әрекеті, төртіншісі – жасаған іс-әрекетінің нәтижесі, бесіншісі – шыққан нәтижеге кім жауап бермек, соны анықтау. Міне, Тоқаев осы бес кезеңнің екеуін өтіп, үшіншісіне аяқ басты. Тоқаев осы жолы Алматыға келіп бұйрық беріп, шешім шығарды. Мұны ол еркекше айтты. Сонысы ұнады, – дейді кәсіпкер.

Енді іс қалды. Осы орайда Сейсенбай бір қызық жайтты айта кетеді. Оның ойынша, егер Тоқаев бұл шешімді орындай алмаса, халық кінәні Тоқаевтан емес, «жоғарғы жақтан» көретінін анық.

– Өткен қабылданған қаулыға сәйкес, Тоқаевтың қабылдаған шешімдердің барлығын «Кітапхана» (Назарбаевтың командасы) мақұлдауы тиіс. Яғни, фактіге сүйенсек, Тоқаев жауапкершілікті сол жаққа беріп жіберді. Халық та Тоқаев уәдесін орындай алмаса, оған «кітапхана» орындатпай қойды деген ой пайда болады, – дейді Сейсенбай.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар