Семейде физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі Бақытбек Орынбаев пен оқушылар Мирас Мұратқанов, Нұрбол Мақтаев домбырада ойнай алатын робот құрастырды – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды, мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өнертапқыштар бұл еңбектерін Абайдың 175 жылдығына арнады.
"Әр оқу жылы басталарда алдымызға мақсат қоямын. Ортақ ойымыз жаңа бір туындыны жасап, құрастыру арқылы мектеп оқушыларын шығармашылыққа еліту, олардың қызығушылығын арттыру. Роботқа домбырамен күй тарттыру идеясы біраз уақыт ойда жүрді. Сәті осы уақытта түсіп отырған жобаны жүзеге асыруға толық 1 ай уақыт жұмсадық. Алдымен роботты құрастырып, содан-соң олардың пернені басушы, ішекті қағушы сияқты әрбір бөліктерін жеке-жеке жасадық", – дейді Зияткерлік мектеп мұғалімі, жоба жетекшісі Бақытбек Нұрлыбекұлы.
Роботты құрастырушылардың сөзінше, бұған дейін ұқсай робаттар құрастырған. Бірақ, ол бір күйді орындаумен ғана шектелген. Ал, жаңа құрылғы домбырадағы барлық пернені еркін басып, ішекті қалауынша қаға алу артықшылығына ие.
Сондай-ақ күйді орындауда қателіктер болса, онда пропорционалды дифференциалдаушы реттегіш арқылы өзі есептеп, реттеп отырады.
Робот домбырада күйді компьютерге енгізілген ноталар арқылы орындайды. Құрастырушылар күйдің орындалу жылдамдығын да қалауынша өзгертулеріне қол жеткізген.
Қазіргі таңда жоба А.Құнанбайұлының "Торжорға", халық күйі "Қара жорға" мен халық әні "Еркем-ай" -ды орындай алады.
Ұстаз бен шәкірттер өз туындыларының кез келген шығарманы нота арқылы орындауға болатынын мәлім етті.
Пікір қалдыру