Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев елде экстремистік деп танылған "ҚДТ" (Қазақстанның демократиялық таңдауы) ұйымының халықты акцияға қатысуға шақыруына орай үндеу жариялады. Прокуротура үндеуі prokuror.gov.kz сайтында жарияланды.
Прокуратура үндеуінде жекелеген адамдардың, соның ішінде шетелден әлеуметтік желілер арқылы халықты алдағы мерекелерде "заңсыз митингілерге қатысуға" шақырушылардың әрекеті Қазақстан заңына қайшы екені айтылған.
"Бас прокуратураның түсіндіруіне және әкімшілік ықпал ету шараларына қарамастан, жекелеген адамдар, соның ішінде шетелден әлеуметтік желілер арқылы халықты алдағы мерекелерде заңсыз митингілерге қатысуға шақыруды жалғастыруда.
Бұл адамдар "Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" заңның талаптарын айқын бұзуда. Атап айтқанда, жоспарланған митинг туралы хабарланғанға дейін ұйымдастырушылар белгіленген күнге дейін 10 күн бұрын жергілікті атқарушы органдарға жазбаша өтініш бермеген. Онда олар: іс-шараның мақсаты, нысаны, өткізілу орнын немесе қозғалыс бағыттарын, оның басталу және аяқталу уақытын, қатысушылардың болжамды санын, ұйымдастырушылардың және қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың сауалнамалық деректерін көрсетілуі тиіс болатын. Бұл міндетті талаптар акция қатысушыларының өздерінің, сондай-ақ басқа да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана бағытталған. Сонымен қатар, рұқсат алғанға дейін ұйымдастырушы мен басқа да тұлғалардың митинг туралы жариялауға, оған қатысуға шақыруға, сондай-ақ осы мақсатта парақшалар, плакаттар және басқа да осындай материалдарды дайындауға және таратуға құқығы жоқ екеніне назар аударамыз. Басқаша айтқанда, 16 желтоқсанда заңсыз акцияларды ұйымдастырушылардың іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы – бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнаманы бұзу). Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, онда қылмыстық жауаптылық туындайды (қылмыстық кодекстің 400-бабы – санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу, егер олар елеулі залал келтірсе). Әкімшілік және қылмыстық-құқықтық шаралар осындай акцияларды қолдайтын адамдарға қатысты да бірдей дәрежеде қолданылатын болады. Осыған байланысты, Бас прокуратура арандатушылық жасамауға, қолданыстағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және заңсыз митингілерге қатысудан бас тартуға шақырады" делінген прокуратураның үндеуінде.
Бұған дейін шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, 16 желтоқсанда жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Әблязов жетекшілік ететін ҚДТ қозғалысы жақтастарын митингіге шығуға анда-санда шақырып тұрады. Соңғы рет 26 қазанда ҚДТ қозғалысы өткізген митингте полиция алаңға шыққан азаматтарды ұстап, кейбіреуін қамаған.
Пікір қалдыру