Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында Назарбаевтың қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған видеосын жариялады.
Видеода Назарбаев 30 жыл бойы ел мүдесі жолында аянбай еңбек еткенін мақтана айтып, Қазақстан халқына бірге болғаны үшін алғыс білдіреді.
- Мен 30 жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы мен ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткенімді мақтан тұтамын және айтамын. Бұл - зор мәртебе, мол бақыт. Елім үшін, халқым үшін, тәуелсіз Қазақстаным үшін нарықтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайын тұрғанымды білесіздер. Тәуелсіздік сияқты қастерлі құндылықтарды сақтауға тырыстым. Бар күш-жігерімді туған елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым. Артымда арқа сүйер халқымның тұрғаны барлық сынақтарды сүрінбей өтуіме ұйтқы болды. Егемендіктің алғашқы сәтінен бастап, Отанымызды өркендетуге, елдігімізді нығайтуға зор үлес қосқан, заманның ауыр жүгін бірге көтерген барша Қазақстан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін,- деді Назарбаев.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын! pic.twitter.com/ekUqtyccFp
— Aidos Ukibay (@Aidos_Ukibay) 16 декабря 2019 г.
16 жетоқсан - Қазақстанда Тәуелсіздік күні. Және бұл дата ел тарихында айтулы екі оқиғамен де ерекшеленеді. 1986 жылдың дәл осы күні сол кездегі Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан Дінмұхамед Қонаевты алып, орнына Геннадий Колбинді тағайындаған Мәскеу шешіміне қарсы шығып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. Ал 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше ай бойы ереуілге шыққан мұнайшыларға полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан. Сондықтан да, соңғы кездері Қазақстан қоғамында "16-17 желтоқсанды мереке ретінде тойлау дұрыс емес. Бұл күн - Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алатын қаралы күн" деген пікірлер жиі айтылады.
Бүгін Алматыда азаматтар түске дейін "Республика" алаңына барып, Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары құрбандарын еске алып, құран бағыштады. Ал түстен кейін қала көшелерінде "Шал, кет!" деп қрандата бастағанда оларды полиция ұстады. Шеруге шықандардың кейбірінің қолында "Назарбаесыз Қазақстан" деген плакаттар болды.
Қазақстанды тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап үздіксіз басқарған Назарбаев биылғы жылдың наурыз айында президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Бірақ ол елдегі билік партиясы саналатын "Нұр Отан" партиясын әлі де басқарып отыр және Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы.
Пікір қалдыру