Алматыда жазасын өтеп біткен 19 жастағы тұтқын жұмбақ жағдайда көз жұмды

/image/2020/01/15/crop-2_41_545x969_38c5f69c7629162822edaa3619aeffbf045fec34.jpg

Кеше, 14 қаңтарда Алматыдағы ЛА-155/18 тергеу изоляторында 19 жастағы Еркебұлан Нұрмыханов есімді тұтқын жұмбақ жағдайда көз жұмды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ratel.kz сайтына сілтеме жасап.

Тергеу изоляторы дәрігерлерінің сөзінше, Нұрмыхановтың дене қызуы көтеріліп, оған анальгин және димедролдан укол салынған. Уколдан кейін тұтқынның жағдайы тіпті мүшкілденген, жедел жәрдем келгенге дейін өліп кеткен.

Ratel.kz сайтының жазуынша, туыстары тергеу изоляторы өкілдерінің сөзіне күмән келтіреді. Олардың айтуынша, Нұрмыхановтың дәріге аллергиясы болмаған. Мәйітті тану үшін мәйітханаға барған кезде олар Нұрмыхановтың денесінің оң жағы, беті мен басы да көкпеңбек дақтарға толып кеткенін байқаған. Иығынан жараға ұқсас із білінген.

Сайттың жазуынша, сот-медициналық сараптама жасалғаннан кейін сарапшылар мәйіттің денесіндегі дақтар соққының нәтижесі ме, жоқ па, соны анықтауы тиіс.

Нұрмыханов тергеуші қаулысымен 14 қарашада екі айға қамауға алынған. 14 қаңтарда түрмеде отыру мерзімі бітуі тиіс болған. Алайда дәл сол күні тергеу изоляторының өкілдері Нұрмыхановтың туыстарына хабарласып, тұтқынның мәйітін алып кету қажеттігін айтқан.

Нұрмыханов тұрмыстық сипаттағы оқиғаға байланысты қамауға алынған, бірақ полиция бұзақылық бойынша іс қозғаған.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар