Әлеуметтік желіде мәжіліс депутаты Шәкір Хахазовтың Жамбыл облысы Қордай ауданы тұрғындарымен кездесуде айтқан сөздерінің бейнежазбасы таралуда. Депутат дүнген ұлты өкілдерімен кездесуде қазақ халқымен тату болуға шақырып, бейбітшілікті сақтап қалуға үндеген.
– Өткен заманнан бері қазақтар мен дүнгендер бір шаңырақта мекен етіп келе жатыр. Алайда бүгінгі жағдай екі ұлт үшін де тым ұят нәрсе. Бізде не жоқ, бәрі бар. Ақша да бар, қажетімізге жарататын дүниенің бәрі бар. Біз бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуіміз керек, осы ғана бізге жетіспейді. Дегенмен қолдың кіріндей болған ақша бәрін құртып жатыр, араға от салатын да осы. Барлығымызды ұлтқа дейін бөлуге мәжбүрлеп отыр. Дүнгендер тек осында ғана жүрген жоқ. Астанада да бар. Мекендері базарлар мен сауда орталықтары. Базарға кірсең, олар (дүнгендер – ред.) дүрекі жауап қайтарады. Бұл не деген масқара. Тіпті, мәдениетті түрде қызмет көрсетуді де білмейді. Мен біраз уақыт бұрын Қаракемерде болдым. Онда бәрі мүлде басқаша. Барлығы мәдениетті түрде қарым-қатынас жасайды, – деді депутат.
Оның сөзінше, дүнген халқы оларды әдейі арандатқан күннің өзінде жанжалға бармауы керек еді.
– Бұндай төмен дәрежеге түсу (жанжалдасу – ред.) сіздерге әсте жараспайтын қылық. Осыған ұқсас жағдай бұрындары менің де басымнан өткен. 1996 жылы дүнген болғаным үшін біреулерден таяқ жегенім бар. Құлағым жырылып, үсті-басымның бәрі көкала қойдай болды. Сол кезде алған соққыдан жағым сынып, күрмеліп сөйлейтінім содан, – деген депутат жанжалға ерегеске бармағанын жеткізгісі келді.
Үкімет комиссиясының құрамына енген депутат бүлінген үйлер мен сауда орындарының, мешіттің қалпына келтірілетінін айтты. Сондай-ақ ол кінәлілер заң бойынша жазаланатынын мәлім етіп, қазақ халқына құрметпен қарауға шақырды.
– Тату болайық, бауыр болайық. Егер сіздердің әрекеттеріңіз заң алдында дұрыс болып, олар (қазақтар – ред.) қателескен болса, өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді. Бірақ сіздер ойларыңызға келген артық әңгімені айтуға құмарсыздар. Өзім дүнген ретінде айтайын, қазақ – бауырмал халық. Сондықтан олар туралы жаман ойламаңыздар. Мен қазақ халқы үшін жан беруге әзірмін. Бар тілегім, бір-бірімізге деген сыйластық жоғалмаса екен. Мен сіздерді (қазақ халқы – ред.) жақсы көремін. Тап сол жайт болып жатқанда осы жерде болсам, әрине, сіздерге қолдау көрсетіп, соңы қайғымен аяқталған оқиғаның басын бірден ашып алуға тырысатын едім. Біздің тараптан кеткен қателіктер үшін кешірім сұраймын, – деп атап өтті Шәкір Хахазов.
Пікір қалдыру