Әлемде мұнай бағасы төмендеп, доллар бағасының өсуіне байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері және ұлттық банк төрағасымен кеңес өткізді. Ақорданың хабарлауынша, жиында әлемдегі экономикалық жағдай және оның Қазақстан экономикасына әсерін талқыланды.
Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма берген Тоқаевтың премьер-министр Асқар Маминнің басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрды. Ақорданың жазуынша, дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленіп, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалмақ.
"Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты" делінген Ақорда хабарламасында.
Өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайтуға келіссөз жүргізген. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмай, Ресей ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы "баға соғысын" бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді. Ал бүгін, 9 наурызда Brent маркалы мұнай барреліне 36 доллардан сатылып, доллар бағасы күрт өсті. Бүгін таңертең Қазақстандағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 397 теңгеден сатыла бастаған. Кейін түс ауа Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары доллар сатуды тоқтатты.
Пікір қалдыру