Басты мақсат – ядролық энергияны бейбіт мақсатта ұқсату

/image/2020/03/11/crop-19_5_524x968_3125049.jpg

Биыл әлем бойынша ядролық қаруды таратпау шартына 50 жыл толып отыр. Қазақстанның осы шартқа енгеніне бүгінде 26 жыл толды. Осы аралықта Қазақстан шарт негізінде не бітірді?! Осы орайда бірқатар мамандарға хабарласып, ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі Қазақстанның рөлін білдік.

Алдымен, аталмыш шарттың тарихына үңілсек, 1970 жылы 5 наурызда Ядролық қаруды таратпау туралы шарт күшіне енді. Ал біздің еліміз 1994 жылы 14 ақпанда осы шартқа ену үшін құжаттарды тапсырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары барысында осындай тарихи құжатқа қол қойып, дәл сол сәттен бастап Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет атанды.

Ал осыдан кейін артынша, елде халықтың көңілін күпті еткен сауалдарға жауап та табыла бастады. Ядролық қарудан азат ел атану мақсатында Қазақстан мұның алдында Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдаса, артынша шартқа қол қойғаннан кейін КСРО-дан қалған ядролық қаруды Қазақстан аумағынан шығаруға байланысты ауқымды жұмыстар атқарыла бастады.

Мәселен, бұл ретте Беларусь және Украинамен бірге «Стратегиялық шабуыл қаруларын азайту және шектеу» туралы КСРО мен АҚШ арасындағы шартқа Лиссабон хаттамасына қол қойылды. Қазақстанның аумағында континентаралық баллистикалық ракеталар үшін 1216 ядролық оқтық пен ауыр бомбалаушы үшін ядролық зарядты қамтитын жаппай қырып-жоятын қарудың ірі арсеналы орналасқан болатын. Ядролық қаруды таратпау шарты аясында  осы полигон аймақтары залалсыздандырылды. 2018 БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруды таратпау: сенімді нығайту шаралары» атты тақырыптық брифингінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бастамаларды, атап айтқанда, ЯҚТШ-тан шығуды қиындату бойынша шаралар әзірлеуді және шарт ережелерін бұзатын елдерге қатысты жазалау шараларын қолдануды ұсынды.

Бұл оқиға, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің ізгілікті ұмтылыстарына негізделген, еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асыруда маңызды кезең болды.

Жалпы, ядролық қарудан азат болуға қатысты мамандардың пікірінше, бүгінде ғылым мен техникасы дамыған заманда, ақпараттық технологиялық даму ғасыры атанған ХХІ ғасырда ядролық қаруға ие болу фактісі әлемдік саясатқа кері әсер ететін басты құралдардың бірі.

Ядролық қару мәселесі күн тәртібінен алынып тасталмайды. Бұл ретте мамандардың пайымынша, бүкіл әлем қазірде ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдалауды көздеп отыр.

Техника ғылымының докторы, профессор Насурлла Бөртебаевтың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан да осы көштен қалмау үшін тындырымды істер атқарып жатыр. Бұл ретте маман «Ядролық қарусыздану мәселесі өзекті болып отыр. Ядролық энергияны бейбіт мақсатта ұқсату үшін қазір әлем елдері АЭС салу мәселесіне назар аудара бастады. Сондай-ақ ядролық отын банктерін құру арқылы ядролық отынды ұқсату, энергия көздерін алу жайттары да іске асып отыр» деді.

Расымен де, маман алға тартып отырғандай, АЭС салу мәселесі, ядролық отын банкін құру жайттары да елімізде жиі-жиі қозғалып жүр. Тіпті бұл ретте ядролық отынды ұқсату мақсатында 2018  жылы Өскемен қаласында төмен байытылған уранды кәдеге жарататын ядролық банктің ашылғаныны бізге белгілі. Бұл жоба аясында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭЖХА) 90 тонна төмен байытылған уран өнімін Қазақстанға әкелді. Негізгі шығындарды аталмыш агенттік көтерді.

Сарапшыларымыз бұған қатысты Қазақстанға ядролық отын жағуды, оны бейбіт мақсатта пайдалануды әлдеқашан үйренетін кезең жеткенін алға тартып отыр. Бұл ретте ғалым Насурлла Бөртебаевтың айтуынша, болжам бойынша 2022 жылы әлемдік тұрғыда энергияның барлық түрлеріне деген сұраныс жоғарылап, оны қолдану екі есеге артады. «Сол кездерде энергия өндірудегі атом энергиясының үлесі бүгінгі күнгі 14-17 пайыздан 35 пайызға дейін өседі» дейді ғалым.

Жалпы сала мамандарының пайымдауынша, қазақ елі ресурсқа бай, кен қоры ауқымды мемлекеттердің қатарына жатады. Бұл ретте бізде өндірістің қуатын арттыратын мұнай, уран, көмір, газ тәрізді элементтер қоры жетіп-артылады. Сондықтан осы қазба көздерін ұқсата отырып табысқа жету біз үшін өзекті болып отыр.

Мамандардың байыптауынша, ядролық отын банкі тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем бойынша қажет нәрсе. Қазір осы ядролық отын банкінің мүмкіншіліктері де ерекшеліктері туралы жиі айтылып жүр. Бұл нағыз коммерциялық жоба. Ядролық отын банкін құруды атом өндірісі саласындағы пайда табудың көзі деп білуге болады. Егер біз ядролық отын банкі жобасын іске асыра алсақ, өздерінде ядролық отын ресурстары жоқ шет мемлекеттер бізге кіріптар болып, өз тараптарынан тиімді ұсыныстар айтатыны айдан анық. Жалпы, ядролық отын банктерін құру, осы мақсатта полигон аймақтарын қолданысқа беру, атом өнеркәсібін дамыту мәселесі сөз болғанда біраз қауымның бұл жаңашылдықты жатсынатыны да рас. Десек те қазірде Кеңес өкіметінен қалған полигон аймақтарының жағдайын, деңгейін, болашағын зерттеу жұмыстары жалғасын табуда. Тіпті қайсыбір зерттеулер ол аймақтарда шаруашылық ісін жүргізуге мүмкіншілік барын да дәлелдейді. Осы ретте мамандардың дені «атом өнеркәсібі атауынан ат үркетін нәрсе емес, тереңіне үңілсек, бұл салада біз өзіндік бренд жинап, шетелге қымбат бағамен ядролық отынды сатуды да, оны жағуды да меңгере аламыз» деседі.

Бұл ретте мамандар «атом реакторларындағы ядролық материал уран мен плутоний болып табылады. Бір тонналық байытылған уранның бөлінетін жылу 1 миллион 350 тонна мұнай жанған кезде бөлінетін жылуға тең. Міне, осыны пайдаланып, дұрыс ұқсата алсақ біз елдегі өндіріс орындарын арзан энергиямен ғана қамтып қоймаймыз, бізде ол энергияны сыртқа сатуға үлкен мүмкіншілік те туатын еді» дейді.

Негізінен Қазақстан әлемдік уран өніру бойынша 2-ші орынға ие. Біздің елде Кеңес державасының ыдырауынан кейін пайдалы қазбалардың бай қорлары бар. Бізде Сары-Шаған, Ембі, Байқоңыр және Семей полигоны сияқты ғарыштық және ядролық сынақ алаңдары орналасқан. Бірақ оларды бейбіт мақсатта пайдаланудың техникалық мүмкіндіктері болған жоқ. Қазақ далалары Кеңес Одағының сынақ полигонына айналды, ал осы аудандардың тұрғындары денсаулығына орны толмас зор зиян келтірді және мәселе өз шегіне жетті, бұл жалпы әлемнің  назарын аударған мәселеге айналды.

Ал Тәуелсіздік алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен Семей ядролық полигоны жабылып,  атом қаруынан бас тартып, біз жетекші ядролық державалардан – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және ҚХР-дан біздің қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Семей полигонын жабу ядролық қарусыз әлем құрудағы маңызды қадам болды. Әсіресе, атом қаруынан бас тарту Қазақстанға қауіпсіздікті ғана емес, сондай-ақ ел экономикасына мол инвестиция тарту үшін маңызды қадам еді.

1994 жылы Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, ал 1996 жылы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қосылды. Барлық елдер үшін үлгі болып табылатын осы бастамалардың арқасында қазіргі әлем Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақтылықтың кепілі ретінде қарастырады. Елге инвесторлар да қорықпастан келе бастады.

Қазір ядролық қарудан бас тарту, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану ХХІ ғасырдың негізгі проблемасына айналуда. Әлемдік қауымдастық ядролық қаруы бар елдерді ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуға міндеттейді. Қазіргі әлемнің барлық елдері тек ядролық қаруды қауіпсіздік кепілі деп санайды. Ядролық (атомдық) қаруы бар елдер «ядролық клуб» деп аталады. Қазіргі уақытта оған АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, КХДР кіреді және клуб құрамын кеңейту ұсынылады. Ядролық қаруды иеленуші елдердің ресми тізімін құру олардың осы саладағы қызметін оларға қойылатын талаптарға сәйкес бақылауға мүмкіндік береді және күтпеген ядролық жанжалдарға жол бермейді.

Ядролық қауіпсіздік шарттарын орындау үшін халықаралық институт ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы елдер арасындағы ынтымақтастыққа өз үлесін қосып отыр. Қазір осы бағытта екі жылда бір рет өткізілетін халықаралық саммитте ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұл бағытта Қазақстанның да өзіндік ұсыныстары ескеріліп, қолдау тауып, БҰҰ аясында жеткілікті деңгейде өз бағасын алып келеді.

Қайырбек Әнуар

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар