Алматы қаласында Наурыз мейрамының қарсаңында теракт жасамақ болғандар ұсталды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылғы 13 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы қаласында "ДАИШ" (Қазақстанда тыйым салынған) халықаралық террористік ұйымы идеологиясын ұстанушыны ұстап, сот санкциясымен қамауға алды.
"Тұтқындалған адам Наурыз мейрамын мерекелеу кезеңінде халық көп шоғырланған орындарда теракт дайындады деп күдікке ілінді. Тергеу іс-қимылдары барысында одан екі жауынгерлік граната алынды", - делінген ҰҚК хабарламасында.
Көрсетілген адамға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 255 (Терроризм актісі) және 258 (Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік) баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Пікір қалдыру