Дәрігерлер коронавирус инфекциясын жұқтырған Алматыдағы төрт науқастың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпараттың дерегін негізге алып.
«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы расталған диагнозы бар 4 науқас жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы қанағаттанарлық. Біреуі орташа ауыр жағдайда. Олар бекітілген хаттама бойынша ем алуда. Вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия уақытында басталды. Қазір олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қарым-қатынаста болған адамдар дәрігерлердің бақылауында. Оларға үш сағаттық термометрия жүргізіліп жатыр. Коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған азаматтардың бәрінің жағдайы қанағаттанарлық. Температуралары көтерілуі немесе аурудың басқа белгілері анықталған жоқ», - дейді дәрігер Айгүл Әбдірахманова.
Оның айтуынша, ауруханадағы барлық медицина қызметкері коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу бойынша жұмыс істеуге оқытылып, дайындалған.
Мамандар коронавирустың таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын сақтау керектігін ескертеді. Тұрғындарға халық көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартқан жөн. Сондай-ақ дәрігерлер жұқпалы дерттен қорғану үшін қолды сабынмен жиі жуып тұруға кеңес береді.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды. Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 4 адамға жеткен еді. Бүгін тағы екі қазақстандықтан коронавирус табылды.
Пікір қалдыру