Қазақ тілін менсінбеген қостанай­лық полиция қызметтен босатылуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170708191032263_small.jpg

Сөз жоқ, озбыр орыстың – алдымен, патшалық, кейін советтік – билігінің қазақтың санасын улағаны соншалық – ұлтымыздың бодандық қамытынан босап шыққанына ширек ғасырдан асса да, кешегі қазақ байларының есігінде жүріп, етегін сүйген құл-құтанның санасы тазармай-ақ қойды...

Қызыл империя «бай мен кедейді теңестіремін» деп тыраштанып, тексіз байғұстардың көр көкірігіне сасық түтін үрлегенде, «сыртқы жүнін қампайтқан» шибөрінің сапалақ ұрпағы «болыс болдым, мінеки»-ді көтере алмай көтерем болып, көкшиген көк көздің бүксіген бұтына құмарта берді...

Орыстың озбырлығы озған екі ғасырдан астам кезеңде қазақтың жеті ұрпағы ауысты, яки, жеті атасы жетім-жесір, құл-құтан әулеттер арам шөптей қаптады, қазақ даласын...

Соның бірі - қостанайдың дұшпан­тілді қазағы, «Қазақ тілін - қазақтың мүддесін сатқан, мемлекеттік  тілді - мемлекеттің мүддесін сатқан, ана тілін - анасының тілегін сатқан» (Қазыбек ИСА) - Дәулет Досмаилов болса керек.

Жол ережесін бұзған Ақтолқын ЖӘНІБЕКОВАға хаттаманы орыс тілінде ғана толтыруға талап қойып, егемен Қазақ Елінің Негізгі заңы - Ата Заңы - қасиетті Конституциямызға қарсы ауыр қылмыстық әрекет жасап; Тіл туралы заңымызды бұзып, мемлекеттік тілімізге кереғар саясат ұстануы арқылы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қастық-қаскүнемдік, зиянкестік жасаған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкердің әдебіне жатпайтын дөрекілік жасап, өз лауазымын асыра пайдаланған, осының нәтижесінде азаматша А.Жәнібекованың денсаулығына нұқсан келтірген Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловқа қарсы қылмыстық іс қозғалуға тиіс!

Қазақстан Республикасының біртұ­тас­тығына қауіп төндірген Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловтың бірінші басшысы (генерал-майор Т.С.Маткеновтен бастап, майор Махмудов т.б.) мен соңғы басшысына дейін елдің іргесінің сетінеуіне «үлес қосқан топтың мүшелері (немесе басшылары)» ретінде танылып, қызметтерінен шұғыл босатылып, жауапқа тартылулары керек!

Қазақ ұлтының атажұрты саналатын Қазақстан Республикасының бірлігі мен ынтымағына іріткі салушы Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловтың ісін қарап, ақтауға бағыт алған сот «өз лауазымына лайықты емес» деп табылып, жұмысы­нан алынып, қатаң жауапқа тартылсын!

Еліміздің заңдары мен Елбасы­мыздың саясатын тиянақты жүргізуге тиіс «Нұр Отан» партиясының Қостанай қалалық филиалының басшылығы мемлекеттік тіл мен азаматтардың мұң-мұқтажына немқұрайлы қарағандықтары үшін қызметтерінен кетіп, жауапқа тартылуы керек. Әйтпесе, халықтың «НұрОтанды» – «ҚұрОтан» атап, ат тонын ала қашуы, лезде...

...Қазақ тілін менсінбеген қостанай­лық полиция қызметкері, жүгенсіз жол сақшысы Дәулет Досмаиловтың сауатсыз әрекеті мен анайы қылығы қазақ қоғамының орынды ашу-ызыасын туғызды. Қоғам белсендісі Қуаныш МҰҚТАЙ жағдайды өз көзімен көріп, құлағымен есітіп, заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін оқиға орнына арнайы барды.Бірақ... Ұйқылы-ояу ұлықты ұлыс – қалың қазақ «қамыт» киіп, қамсыз отыр...

...Тілін кесіп алғанда ғана – тілерсегінен қан саулап, жан сауғалай ма?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

 

Қатысты Мақалалар