Нұр-Сұлтанда вирус табылған 28 адамның ішінде кәмлет жасына толмаған екі адам бар. Оның бірі – төрт айлық сәби, екіншісі – 14 жасар жасөспірім. Бұл туралы қалалық денсаулық басқармасы хабарлады.
Олардың дерегінше, вирус жұқтырған 28 адамның 18-і 30 бен 49 жастағылар. Төрт адам 50-59 жас аралығындағылар болса, үш адамның жасы 18-29 аралығында. 60 жастан асқан бір адам ғана вирус жұқтырған.
Басқарманың мәліметінше, вирус жұқтырғандардан бөлек, қазір қалада 645 адам ауруханада карантинде жатыр.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда вирус жұқтырған 53 адам анықталды. Нұр-Сұлтанда – 28 адам, Алматыда – 22 адам, Қарағандыда – 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.
Қазақстанда Covid-19 коронавирусын жұқтырғандар алғаш рет 13 наурызда анықталған. Кейін, 15 наурызда – вирус жұқтырғандар саны сегіз адамға жеткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елде 16 наурыз таңғы сегізден 15 сәуір таңғы жетіге дейін төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал 19 наурыздан бастап елдің екі ірі қаласы – Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.
Соңғы ақпарат бойынша, дүниежүзінде 275 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып,11 мыңнан астам адам вирустан қайтыс болған. Вирус таралған елдер саны 180-нен асты.
Пікір қалдыру