Елдегі төтенше жағдайға байланысты азаматтардың денсаулығын сақтау және Қазақстанда коронавирустың таралуымен күрес жүргізу мақсатындағы шаралар жоспарына сәйкес «Тіл-Қазына» орталығы «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі» атты онлайн курс ұйымдастырады.
Онлайн курсқа Тіл басқармалары қызметкерлері, облыстық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, әдіскерлері мен тіл мамандары және осы тақырыпта білімін жетілдіремін деген кез келген ересек азамат қатыса алады.
Курс барысында мемлекеттік тіл және оны оқыту әдістемесіне қатысты ғалымдар мен әдіскерлер ой-пікірлерін, үздік әдіс-тәсілдерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасады. Еліміздегі орталықтардың жұмысын сандық жүйеге көшіруде бірыңғай электронды дерекқорды пайдалану жолдары көрсетіліп, заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану жайлы кеңес-ұсыныстар айтылады, нәтижесі көрсетіледі. Сонымен қатар қазақ тілін оқытудың авторлық әдістемесін қалыптастыру мәселесі қозғалып, заманауи үлгідегі оқу кешендерін, әдістемелік материалдарын әзірлеу жайы талқыланады.
Онлайн курс мазмұны бойынша мемлекеттік тілді оқыту тәжірибесі таныстырылады, ауызша сөздің тілтанымдық негіздері, әдеби тіл нормасы, емле ереженің қалыптасу тарихы, үздік педагогикалық технологиялар жайлы сабақ үлгілері көрсетіледі. Оқыту үрдісінде Google платформалары және тағы басқа сервистердің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқытушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, цифрлық дағдыларды меңгерген креативті оқытушылар ортасын қалыптастыруға ықпал жасалады. Мемлекеттік тілді қашықтан оқытудың жүйесін құру жөніндегі пікірлер мен идеялар алға тартылады.
Онлайн курс бағдарламасын www.tilalemi.kz сайтынан көруге болады. Онлайн курс қорытындысында қатысушыларға сертификат табысталады.
Пікір қалдыру