Коронавирус күдігімен карантинде жатқан науқас жағдайын баяндады

/image/2020/04/03/crop-58_5_648x863_orig.jpg

Қазақстанда әуе байланысы тоқтамай тұрғанда шетелден ұшып келген азаматтар 14 күнге карантинге жатқызылатын. Алайда елге оралғандардың бәрі бірдей карантинге жабылмаған. Бұл туралы Қамшы тілшісіне карантинге жатқызылмаған жақындарынан коронавирус анықталып, олармен байланыста болғаны үшін Алматы облысы Шамалған елдімекеніндегі жұқпалы ауруларға арналған емханада жатқан Әйгерім Сенбиеқызы айтып берді.

Науқастың інісі мен келіні 25 наурыз күні Нью-Йорктен Мәскеу арқылы Алматыға ұшып келген. Олар отырған ұшақта екі адамнан коронавирус анықталып, ұшақ әуежайға қонысымен, жолаушыларды Жангелдин көшесі бойындағы ауруханаға жеткізген.

– Інім мен келінімнен анализ алып, тест жасап, оларды 24 сағат ауруханада ұстады. Тест нәтижелері теріс шығып, ешқандай сырқат белгілері байқалмаған соң оларға «үйден шықпаңдар» деп ескертіп, 26 наурызда үй карантиніне жіберді. Шетелден келгендерді ауруханаға 14 күнге жатқызады деуші еді ғой. Оларды өйтпеді. Інімдер үйлеріне жедел жәрдем көлігімен емес, кәдімгі таксимен келді. Жақын маңда болғандықтан маған азық-түлік алып келуімді өтінді. Мен керек-жарақтарын апарып, көптен көрмеген жақындарыммен әңгімелесіп бірнеше сағат отырып қалдым. Медициналық тексеруден өткендіктен туыстарымда вирус анықталады деген ой басыма кіріп шыққан емес, – дейді Әйгерім Сенбиеқызы.

Оның сөзінше, көп ұзамай келінінің тамағы ауырып, жөтел пайда болған. 27 наурыз күні шақырылған жедел жәрдем көлігі оларды Қаскелеңдегі жұқпалы ауруларға арналған емханаға алып кеткен. Ол жақта тапсырылған тесттер науқастың келінінде оң, інісінде теріс нәтиже көрсеткен.

– Екеуі екі түрлі нәтиже көрсеткендіктен, бөлек бөлмелерге оқшауланды. Келесі күні олармен тікелей байланыста болғандықтан мені де жедел-жәрдем алып кетіп, Шамалғанға карантинге жапты. Інім мен келініммен үнемі сөйлесіп тұрдым. Келесі күндердің бірінде келінімнің жанына жаңадан келіп түскен науқасты орналастырыпты. Келініміз жүкті еді. Өзінің және құрсағындағы баланың денсаулығы үшін оны басқа бөлмеге ауыстыруды талап еттік. Содан кейін барып қана ертесіне дәрігерлер жаңа келіп түскен науқасты басқа палатаға орналастырды, – деді келіншек.

Карантинде жатқан Айгерім Сенбиеқызы өзінің жағдайы қанағаттанарлық екенін, дәрігерлер дене қызуын жиі-жиі тексеріп жатқанын айтты. Карантинге жатқызылғалы одан екі рет коронавирусқа тест алынған. Одан індеттің белгілері анықталмаған.

– Мен 28 наурызда карантинге жатқызылдым. Сол күні тест алды. 29-ы наурызда екінші рет тест алды. Негізі тест бір рет алынып, 14 күнге дейін жақсы болсаң, тест екінші рет алынбайды екен дегенді естігенмін. Ал менен екі рет алынды. Дәрігерлер мұның себебін ашып-жарып айтпады. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігіне шықтым. Министрлік өкілі маған қатысты екі рет тест алынғаны туралы дерек жоқтығын мәлім етті. Екі күн қатарынан тест алып, нәтижесін айтпай отырғандары алаңдатып отырғанын несін жасырайын. Десе де дәрігерлер жағдайымды қанағаттанарлық деп отыр, – деді Айгерім Сенбиеқызы.

Сонымен қатар ол бастапқыда інісі мен келіні жатқан Қаскелеңдегі жұқпалы ауруларға арналған емханада жағдайдың нашар болғанын атап өтті.

– Ә дегенде Қаскелеңдегі аурухананың жағдайы сын көтермейтін. Оны інім видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберді. Осыдан кейін емханаға жөндеу жүргізіліп, науқастарға көбірек көңіл бөліне бастады. Артынша, аурухана басшылығы видеоны алып тастауды және жағдайларының жақсы екені туралы қайтадан видео түсіріп желіге жүктеуді өтінді. Аурухананың бас дәрігері ағама хабарласып, жіберілген қателіктер үшін кешірім сұрады. Қазіргі уақытта бәріміздің жағдайымыз жаман емес, – дейді науқас.

Әйгерім Сенбиеқызы карантинде жатқан, коронавирус анықталған науқастарға қажетті ем жасалып, дәрі беріліп жатқанын атап өтті.

– Күнделікті температурамызды 3-4 рет өлшеп, қан қысымымызды тексеріп, иммунитетті көтеретін дәрі-дәрмек және дәрумендер береді, – деген ол о бастағы келеңсіздіктерге қарамастан, аурухана ұжымы мен дәрігерлерге ризашылығын білдірді.

Оның сөзінше, ауруханада жөндеу әлі күнге дейін жүріп жатыр.

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар