Назарбаев Ақтөбе облысының әкімімен телефон арқылы сөйлесті

/image/2020/04/04/crop-8_17_1074x1980_mycollages-32.jpg

ҚР Тұңғыш  Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен  телефон арқылы байланысқа шығып, елдің хал жағдайын сұрады.

Ақтөбе өңіріндегі жалпы жағдайдың тұрақтылығымен, індетке қарсы жасалып жатқан жұмыстардың жоспарымен танысып, облыс тарапынан қабылданған шаралардың дұрыстығын мақұлдады. Соның ішінде Республикалық бюджеттен бөлінетін көмектен тыс, облыстық бюджеттен  жәрдемақылардың   бөлінуін дұрыс әрекет деп бағалады.  Сондай ақ коммуналдық төлемдердің жеңілдетілгенін, уақтылы жасалған алдын алу шарасы ретінде қолдады.  Көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары барысымен танысып, уақытқа сай жер ылғалын тиімді пайдаланып,ауылшаруашылық технологияларды сақтай отырып, егістікке мұқият назар аударуды тапсырды.

Өңірдегі мал шаруашылығының да жай-күйінен хабардар болды. Сонымен бірге төтенше жағдайға байланысты Елбасы қорынан Нұр Отан партиясы арқылы жеткізілетін көмектің бөлінуінің реттерімен ақылдасты.  Яғни елге жәрдем ретіндегі азық-түлікпен, басқа да қажетті заттармен, дәрі-дәрмекпен таратып жеткізілуі  жөнінде пікірін сұрады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қайырымдылық ретінде берілетін заттарды еріктілер арқылы жеткізу олардың денсаулығына қауіп төндіру ықтималдығы себепті алаңдаушылық білдірген соң, әркімнің жеке есебіне ақшалай аударған ыңғайлы болар деген ұсынысты мақұлдады. Елбасы Оңдасын Оразалиннің өзінің жанында  біраз жылдар бірге жүріп қызмет барысында жинаған тәжірибесіне көңілі толатындығын айта келе, төтенше жағдай уақытындағы облыс  көлеміндегі атқарылып жатқан барлық  жұмыстарға оң баға беріп, оған сенетінін жеткізді.

Түбінде бұл індетті халықтың ауызбіршілігімен жеңіп шығатынына  ешқандай күмән келтірмей, құтты мекен – Ақтөбеге келіп, ел тұрғындарымен жүздесу жоспарымен бөлісті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар