Біртанов: Жаз айларында коронавирус індетінің қарқыны төмендейді

/image/2020/04/05/crop-146_11_1290x1720_4d1971b8718846ad4506650d82f9c777.jpg

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның соңғы шешімі жайлы Facebook парақшасында жазды. 

– Елімізде қабылданған қатаң карантиндік шаралар коронавирустық инфекцияның қарқынын төмендетті, індеттің таралуы 28 наурызда 52 пайызға жетсе, өткен тәулікте ол 12 пайызға дейін түсті. Бұл санитарлық және медициналық қызметтің шұғыл жүктемесін азайтуға, инфекцияны жұқтырған және науқаспен байланыста болған адамдарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деп жазды Біртанов.

Министр өзге мемлекеттердің тәжірибесіне қарап, елімізде індеттің негізгі кезеңі сәуір-мамырда өтсе, коронавирус инфекциясының шарықтауы - сәуірдің бірінші жартысына тұспа-тұс келетінін болжауға болатынын жеткізді.

– Біздің елімізде аталған аралықта науқастар саны 3 мың 500 жетуі мүмкін (қазір 551). Эпидемиологтар алдағы уақытта, яғни, жаз айларында індеттің қарқыны төмендейді, бірақ түбегейлі тоқтамайды деп отыр. Кейбір сарапшылар эпидемиялық маусымның биыл күзде қайталануы мүмін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан да біз эпидемия кезінде де, ұзақ мерзімді кезеңде де мұқтаж азаматтарға толық медициналық көмек көрсетуге жан-жақты дайын болуымыз керек, – деп Елжан Біртанов атап өтті.

Нет описания фото.

Сонымен қатар ол коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеуге арналған 3 920 инфекциялық төсек-орын, күдікті пациенттер үшін 7 300 жуық төсек-орын әзірленгенін және 170 өкпені жасанды желдету аппараты және 38 қанның экстракорпоралдық мембраналық оксигенациясы аппараты (ЭКМО) орнатылған, жағдайы ауыр 180 науқасты қабылдай алатын реанимациялық бөлімшелердің дайын екендігін атап айтты.

– Емделушілер жұқпалы аурулар ауруханасында орта есеппен 3-4 апта жатады, сондай-ақ, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті қызмет көрсететін кәсіпорындағылар, күні-түні жұмыс істеп жүрген полиция, медицина және қарулы күштер қызметкерлерінің инфекция жұқтыруы әбден мүмкін екенін ескерсек, бізге әлі де көптеген төсек-орын мен арнайы аурухана қажет, – деді министр.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар