"Үйде екі кішкентай қызым бар": Марғұлан Сейсембай полицейлерге өтініш жасады

/image/2020/04/22/crop-25_4_508x906_12afe867-157b-488a-87a0-496bcf037840_cx0_cy10_cw0_w1023_r1_s.jpg

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембай үйінде 2 қызы бар екенін айтып, полиция қызметкерлеріне жоғарыдан өзін ұстау туралы бұйрық келсе, әрекеттерін тыныш жүргізуді өтінді. Бұған дейін кәсіпкер үйінің маңын полиция қызметкерлері торуылдап жүргенін, өзіне қарсы саяси астары бар іс қозғалуы мүмкін екенін хабарлаған.

"Қайырлы таң, достар, сіздердің өтініштеріңіз бойынша жағдайдың бүгінгі таңдағы қалпын баяндайын. Кешегі түн оңай болмады. Үй маңында қозғалыс көп болды. Бір машиналар үздіксіз келді-кетті, бірдеңе жасады. Жай нәрсе емес екені анық, әлде мен бұрын байқамағам ба мұны?

Не болғанын білмеймін, қызметкерлер рацияларымен әрі-бері жүгіріп, ұялы телефонмен бірнәрсе талқылап, қосымша күш алдыртты (қосымша 4 машина келді). Кейін 12-ге таман барлығы саябырсыды. Кезек ауысымы болып, бастықтары тексеріп кеткен болар.

Қазір түннен бері 5 машина кезекшілікте. Үйге қарсы беттегі тауда біреулер жүр. Бірнеше рет олардың линзалары жарқ-жұрқ етті. Шамасы олар үйімді үстінен бақылап отырған болар (снайперлер бола қоймас деп үміттенемін).

Міне, қазіргі жай осындай. Кеше Альнұр Ильяшевтың үйіне қалай басып кіргендері туралы оқыдым. Барлығын қатал түрде жерге жатқызған. Тінту барысында барлығы қасақана лақтырылған. Тағы басқа да әрекеттер жасалған. Осыған орай, шағын өтініш жасағым келеді.

Құрметті қызметкерлер, сіздер мені оқып отырсыздар, білемін, өйткені, кезекшіліктегі машинадағылардың барлығы смартфондарында отыр. Егер (Алла бетін әрмен қылсын) сіздерге бұйрық түссе, барлығын тыныш күйде жасаңыздаршы. Үйде екі кішкентай қызым бар. Балаларды қорқытудың қажеті жоқ. Сіздерге ешкім қарсылық көрсетпейді. Тыныш кіріп, өздеріңіздің процессуалдық істеріңізді жүргізсеңіздер болады. Уайымдамаңыздар, мен ешқайда қашып кетпеймін" деп жазды Марғұлан Сейсембай. 

Сондай-ақ Марғұлан Сейсембай халықаралық ұйымдарға жағдайын баяндап, хат жазғанын ескертті. 

"Мені еш әрекетсіз қарап отыр деп ойлап қалмаңыздар. Мен де осы жағдайды шешу үшін қолымнан келген нақты заңға сәйкес әрекеттерді жасап жатырмын. Бірақ мені мәселені «келісіп шешіп алмақшы» деп ойлап қалмаңыздар. Бүгін келесі мекемелерге хат жаздым:
- АҚШ елшілігі,
- Франция елшілігі,
- Ұлыбритания елшілігі,
- Адам құқығын қорғау бойынша еуропалық комиссия,
- БҰҰ адам құқықтары бойынша басқармасы,
- Қазақстандағы адам құқықтары бойынша бюро.

Өз хаттарымда болып жатқан жағдайға назар аударып, бақылауға алуды сұрадым. Егер де мені тұтқынға алатын болса, бұл туралы барлық халықаралық ұйымдардың білуін мақсат етіп отырмын.

Мұндай жағдайда қолыңнан келетін өзіңе тәуелді 99%-ын жасайсың, ал басты 1%-ы Алланың қолында екенін жақсы білесіздер! Әрі қарай не боларын тек бір Алла біледі.

Және бір маңыздысы – бұл мен үшін күрес емес, бұл орын алуы мүмкін шектен шығушылыққа қарсы күрес" деп жазды Марғұлан Сейсембай өзінің facebook парақшасында.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар