Ахметбек Нұрсила: Партияға қажетті мың адамның тізімі дайын тұр

/image/2020/05/27/crop-59_24_690x845_akhkhkhkhkhmet-.jpg

Жақында ғана партия құратынын айтып, партиясының атын "Сен Алаш" деп жариялаған кәсіпкер, медиатренер Ахметбек Нұрсиланың айтуынша, парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі де, өз уақытында болуы да мүмкін. Бұл туралы кәсіпкер Қамшы тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде айтты. 

– Мен "болады, не болмайды" деген болжамды онша жақсы көрмеймін. Парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі де мүмкін немесе өзінің уақытында өтуі де ықтимал. Тоқаев көптеген реформалар жасап жатыр. Президентке өзінің реформасын қолдайтын адамдар көбірек керек деп ойлаймын. Қазіргі парламенттегі адамдар президенттің реформаларын толықтай қолдай бермеуі мүмкін. Сол үшін жаңа қан құйылып, жаңа құрам келуі керек деп есептеймін, – дейді кәсіпкер.

Партияның ынталы тобын тіркеуге қажетті мың адамның дайын тұрғанын айтқан медиатренер оларды тіркеумен айналысуды бастап жатқанын жеткізді.

– Мың адамның тізімі, аты-жөнімен дайын тұр. Тізімдерін дұрыстап жатырмыз, – деді ол.

Ахметбек Нұрсиланың сөзінше, әдетте барлық партиялардың бағдарламалары ұқсас келеді.

– Партиялардың көбі әділетті сайлау жүйесін құру, әділетті сот деген бағытты айтады. Ал менің бағдарламамдағы басым бағыт – елді индустрияландыру, елдің білім беру жүйесіне реформа жасау және экономиканы көтеру. Елдегі жемқорлықты жоймайынша, елдің экономикасы көтерілмейді. Үлкен кедергі – осы, – дейді кәсіпкер. 

Түрлі каналдар ашып, Қазақстан экономикасы жайында дәріс оқып жүргенін айтқан Ахметбек Нұрсила "Қазақстан экономикасы бүгін неге осындай жағдайда, оған не себеп және одан шығудың жолы қандай?" деген тақырыптарға жауап беретінін мәлімдеді.

– Мен егер парламентке барсам, осы арқылы дұрыс экономикалық даму моделін ұсынатын боламын, – дейді медиатренер. 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар