Анар Фазылжан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы атанды

/image/2020/06/01/crop-3_24_468x703_200129113439741e.jpg

Белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына басшы болып тағайындалды. Ақпаратты Тіл білімі институты растады.

Анар Фазылжан бұған дейін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары қызметін атқарған.

Тіл білімі институтының бұрынғы директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, институттағы бөлім меңгерушілігіне ауысқан.

Анар Фазылжанова Мұратқызы 1974 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгір кентінде дүниеге келген

1980 жылы Ақсу ауданы Қаракөз кеңшарының Қызылорақ орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1991 жылы орта мектепті Жансүгір кентіндегі қазіргі Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің 11 сыныбын «Алтын медальмен» үздік бітірген.

Сол жылы Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Филология факультетіне Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, қосымша тарих мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1996 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтап шықты.

1996 жылдың қарашасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға түсті.

1999 жылы желтоқсанда аспирантураны бітіріп, 2000 жылдың мамырында З.М.Базарбаеваның ғылыми жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі қосқұрамды құрмалас сөйлем интонациясы (эксперименттік-фонетикалық зерттеу)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша қорғап шықты.

Әр жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.

2004 жылдан 2008 жылдар аралығында Институттың ғалым хатшысы лауазымын атқарды.

2001-2003 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазіргі қазақ тілі мен әдістемесі теориясы кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді.

Осы уақытта қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, сондай-ақ Паралингвистика, Компьютерлік лингвистика сияқты курстардан дәріс оқып, семинар сабақтар жүргізді, қазақ филологиясы магистранттарына арналған «Компьютерлік лингвистика», «Паралингвистика», студенттеріне арналған «Морфология» курстары бойынша типтік және жұмыс бағдарламаларын әзірледі.

1999-2002 жылдары Талантты жас ғалымдарға арналған ҚР Президентінің стипендиаты, 2007 жылы М.Әуезов атындағы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік сыйлықтың иегері, 2008 жылы ҚР Тұңғыш Президенті қорының Ғылым мен техника саласындағы премиясының лауреаты атанды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар