Елбасы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Birgemiz» қорының қазіргі қызметі және партия мүшелері арасындағы іріктеу жұмыстарына дайындық – праймериз туралы мәлімет берілді, деп хабарлады elbasy.kz.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, «Birgemiz» қорының қаражаты есебінен 360 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетіліп, 240 мың отбасыға қажетті азық-түлік жеткізілді. Бұдан бөлек елорданың және Алматы қаласының медициналық мекемелерінде жұмыс істейтін 2100-ден астам қызметкерге біржолғы төлем жасалды.
Сондай-ақ «Birgemiz» қорының қаражатынан Мақтаарал ауданы Достық ауылының тұрғындарына баспана салу мақсатында 340 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар партия белсенділері мен еріктілері бір мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарына жіберді.
Атқарылып жатқан жұмыстың маңыздылығын айта келе, Елбасы «Birgemiz» қоры арқылы еліміздің шағын қалалары мен ауылдарындағы мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды.
– Төтенше жағдай кезінде «Jas Otan» бүкіл ел бойынша бес мыңнан астам еріктіні жұмылдырды. Олар демалыссыз жұмыс істеп, мұқтаж адамдарға көмек жеткізді. Нағыз патриоттардың, жауапкершілігі мол жас көшбасшылардың жаңа буыны қалыптасқаны қуантады. Олардың ең белсенділеріне арналған алғыс хаттарға қол қойдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті халықтың партияға деген сенімін нығайту жұмысын жалғастыруды тапсырды.
– «Nur Otan» – нақты істер партиясы. Мен қоғамдық қабылдауларға келіп түскен хаттардың саны жеті есе ұлғайғанын және шешілген мәселелердің де артып келе жатқанын көріп отырмын. Бұл халықтың партияға деген сенімінің көрінісі. Осы жұмысты одан әрі күшейту керек, – деді Елбасы.
Кездесу барысында Б.Байбек Елбасына өңірлерге жасаған жұмыс сапарларының нәтижелері, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және праймеризге дайындық туралы баяндады.
– Қазіргі таңда 10 мың партия мүшесінен құралған кадрлық резерв жасақталды. Праймериз ережелері әйелдер мен жастарға арналған квоталарды ескере отырып бекітілді. Партия өз мүшелері арасындағы іріктеуді екінші жартыжылдыққа жоспарлап отыр, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Пікір қалдыру