Ақтөбенің хром зауытында тағы бір жұмысшы қайтыс болды

/image/2020/06/03/crop-125_5_261x348_i.jpg

Ақтөбе хром қосындылары зауытында жарақат алған 32 жастағы жұмысшы 3 маусымға қараған түні қайтыс болды.

Зауытта күйік шалған 2 жұмысшы ауыр хәлде облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген болатын. Сол жерде бір апта ем қабылдаған 32 жастағы жүргізуші бүгін көз жұмды. 

– Бір аптаға жуық Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінде болған жұмысшы ауыр жарақаттан айыға алмады. Оның денесінің 60 пайызы күйген, – деді аурухананың бас дәрігері Сәкен Қапанов.

Өндірісте жарақат алып, ауруханаға түскен тағы бір жұмысшы 3 маусым күні реанимациядан травматология бөліміне ауысқан. Науқас 36 жаста. Дәрігерлер оның жағдайы жақсара бастағанын айтады.

Айта кетейік, оқыс оқиға 28 мамыр күні түс ауа хром қосындылары зауытының №4 цехында болған. Зауыттағы сыйымдылығы 50 текше метр болатын бөшкені тазартқан 4 жұмысшы оқиға орнында мерт болды.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жұмысшылар өлімінен соң Ақтөбе хром қосындылары зауытының үш қызметкері қамалған. "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзды" деп күдікке ілінген үш адамның үстінен ҚР ҚК 156 бабының 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікке ілінгендердің бірі – №4 цех басшысы. Қалған екеуі – цех шеберлері оқиға болған күні цехта күндізгі ауысымда болған.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар