Алматы қаласында коронавирус эпидемиясына қарсы күрес шараларына 9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның 5,5 миллиард теңгеден астамы коронавирусқа қарсы күресіп жатқан денсаулық сақтау нысандары қызметкерлерінің жалақысына қосымша үстемақы ретінде қарастырылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, вирусқа қарсы күреске жұмылдырылған медицина нысандарының тізімін Алматы әкімдігіндегі арнайы комиссия бекіткен. Бекітілген тізімге сәйкес, сәуір айы үшін медицина мамандарына төленетін үстемақы 1,5 миллиард теңгені құрады. Жалпы алғанда:
Қауіп деңгейі аса жоғары 1-топқа – 472,1 млн.теңге (880 адам);
Қауіп деңгейі жоғары 2-топқа – 755,3 млн.теңге (2293 адам);
Қауіп деңгейі орташа 3-топқа – 289,8 млн.теңге (2308 адам).
Оның ішінде:
- Стационарлық ұйымдар (соның ішінде шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімдері) – 757,7 млн.теңге (2279 адам);
- Жедел жәрдем қызметі – 626,7 млн.теңге (2113 адам);
- Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары немесе емханалар (блок-бекеттер, фильтрлер, мобильді бригадалар, 4-санатты шақыртуларға барға мамандар) – 132,8 млн.теңге (1089 адам).
Маусымның біріндегі мәлімет бойынша, алматылық 5398 медицина қызметкерінің жалақысына қосымша ақы ретінде 1,5 миллиард теңге төленген, – деді МСҚ Алматы филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қалада эпидемияға қарсы іс-шараларға 86 денсаулық сақтау нысаны жұмылдырылған.
Естеріңізге сала кетсек, қосымша төлемдер денсаулық сақтау саласы қызметкерінің өміріне төндіретін қауіп деңгейіне қарай төленеді.
- Біріншісі – қауіп деңгейі аса жоғары топ. Оған инфекциялық стационарлар мен жансақтау бөлімдерінің дәрігерлері, аға және орта буын медицина қызметкерлері жатады.
- Екіншісі – қауіп деңгейі жоғары топ. Оған провизорлық стационарларда жұмыс істейтін мамандар, жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлері кіреді.
- Үшіншісі – қауіп деңгейі орташа топ. Оған карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері т.б. жатады.
Пікір қалдыру