Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізді делінген Қарағанды тұрғыны Арман Хасеновқа қатысты үкім шықты, деп хабарлады ҚазТАГ.
– Кешіріңіз, енді бұлай қайталамаймын ... Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраймын. Мен жұмыс тауып, қоғамға пайдамды тигізуге уәде беремін, – деді А. Хасенов.
Іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 373-бабының 2-бөлігі бойынша (көпшілік алдында қорлау және Тұңғыш Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу) Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында қаралды.
– Хасенов жасаған іс-әрекетіне шын жүректен өкінетінін айтып, өз кінәсін толықтай мойындады, сот оны қоғамнан оқшауламай-ақ түзету және қайта тәрбиелеу мүмкін деп санайды. Хасенов Арман Қайратұлы ҚР ҚК 373-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таюылып, оған пробациялық (сынақ мерзімі) бақылау негізінде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп үкім шығарған судья Манат Жұмақаева.
Еске салайық, 13 маусымда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті желіге мазмұны біржақты ролик жүктеген Қарағанды тұрғынының ұсталғаны туралы хабарлаған болатын.
Пікір қалдыру