Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Көкқайнар ықшамауданындағы Ақшағыл көшесінің тұрғындары "мегаполисте тұрсақ та, ауыз суды көшедегі құдықтан тасып, әлі күнге дейін батпақ кешіп жүрміз" деп шағынады.
Олардың айтуынша, көшеге су және кәріз жүйесінің орталық құбыры тартылып қойған, бірақ әлі іске қосылмаған. Сондықтан көшенің басында тұратын тұрғындар су алу үшін орталықтағы құдыққа барады.
Бұдан бөлек, шағын ауданда жол мәселесі де шешімін таппаған. Тұрғындар сөзінше, көшелеріне тас жол мүлде төселмеген. "Көктемде балшыққа батамыз, жазда шаңға тұншығамыз" деген олар бұған дейін аудандық әкімдікке талай мәрте ресми хат жазып, мардымды жауап ала алмапты.
Пікір қалдыру