Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті коронавирусқа тест тапсырып жатыр. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
– Соңғы күндері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулығына қатысты еліміздің көптеген азаматтары алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдап жатыр. Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлының денсаулығы жақсы екенін хабарлаймын. Соңғы кездердегі эпидемиологиялық жағдайдың өрши түсуіне байланысты, ол күнделікті коронавирусқа тест тапсырып жатыр. Тапсырылған барлық тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті, – деді Б. Уәли.
Сонымен қатар ол мемлекет басшысының қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесу өткізіп жүргенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы өзінің қызмет орнында белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың басшыларымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесулер өткізуде. Қазақстан Президенті твиттер арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеп, тұңғыш президенттің өзіне тән мықты рухының арқасында, бұл сынақты да жеңіл еңсеретініне сенім білдірді, – деп жазды ол.
Пікір қалдыру