Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы журналист Қуандық Шамахайұлының өліміне қатысты ресми ақпаратты жариялады.
– 1960 жылы туған науқас Шамахай Куандық 23 маусымда жедел жәрдем қызметімен COVID-19 деген күдікпен ауыр халде түсті. Осы уақыттан бастап науқас 1-ші көпсалалы қалалық ауруханасына жатқызылған болатын, – деді мамандар.
Дәрігерлер Қуандық Шамахайұлына ауыр дәрежедегі екіжақты полисегменталды пневмония деген диагноз қойған.
– Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлады. 29 маусымда жүрегі тоқтап қалды. Өлімнің себебіне қатысты тергеу жүргізілуде, нәтижесі туыстарына хабарланады, – деді дәрігерлер.
Жары Айша Тұрмағамбетованың айтуынша, дәрігерлер күйеуіне ешкімге бермеген дәрі берген.
Таңғы сағат 7.30-да отбасына Қуандық Шамахайұлының қайтыс болғаны хабарланды. Айша Тұрмағанбетова дәрігерлер бір дәріні сынақтан өткізген болуы мүмкін деп болжайды. Ол прокуратураға арыз жазатынын, күйеуінің қант диабеті секілді ауруы болмағанын және ішімдік ішпегенін, темекі шекпегенін айтты.
Қазіргі уақытта журналистің өліміне қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Пікір қалдыру