Елорданың №2 қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Иван Иванович Ли қайтыс болды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Иван Иванович 60 жасында коронавирус инфекциясынан көз жұмды.
"Иван Ли өз ісінің нағыз маманы болатын. Ол көптеген адамдардың өмірін құтқарып қалды. Алғашқы күннен бастап-ақ коронавируспен күресте алдыңғы шепте тұрды. Оның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз" делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Иван Иванович Ли 1960 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Қарағандымемлекеттік медицина институтының хирургия мамандығы бойынша бітірген.
3 жыл Қарағанды облысындағы Жастар ауданының орталық ауруханасында хирург, одан кейін Қарағанды қаласының жедел ауруханасында уролог болып жұмыс істеді. 1996 жылға дейін Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың урологиялық бөлімін басқарды.
Содан кейін ол қаладағы онкологиялық диспансер мен №1 клиникалық ауруханада бас дәрігердің орынбасары және қазіргі заманғы медициналық технологиялардың диагностикалық орталығының бас дәрігері қызметінде болды.
2006 жылы Иван Иванович Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананы басқарып, кейіннен елордаға ауысты.
2015 жылы Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, кейін №2 қалалық көпсалалы аурухананың директоры болды.
Бұған дейін қауіпті індеттен Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары – Әмірбек Төгісов, Қазақстанның президенттігіне үміткер болған – Жақсыбай Базылбаев, Ақтөбе қаласында инфекциялық аурухананың бас дәрігері – Қалихан Қозбағаров, Алматы облысы әкімінің орынбасары – Серікжан Бескемпіров, сонымен қатар Алматы облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігері – Қайрат Баймұхамбет қайтыс болған.
Пікір қалдыру