"Бетіме "кислота" шашып кетемін деп қорқытады". Мұғалімнің үндеуіне министрлік жауап берді

/image/2020/07/30/crop-125_12_436x581_photo_329393.png

Айсұлу Бәйтенова атты Қостанай тұрғыны әлеуметтік желіде бұрынғы күйеуінің бірнеше жылдан бері жәбір көретіп, қорқытып келе жатқанын айтып көмек сұрады.

Айсұлу Бәйтенова Қостанай облысы Қарабалық кентінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. 2016 жылы ажырасып кеткен соң, күйеуі оған қоқан-лоққы көрсетіп, мұғалімнің жұмыстан шығуына тура келген. Кейін жұмысын көрші ауданға ауыстырған. Қазіргі уақытта ол жаңа жұмыс орнына бұрынғы күйеуі іздеп келеді ме деп қорқады.

– Мен бұрынғы күйеуіммен 2016 жылы ажырастым. Ол мені ұратын. Соңғы рет мені ұрған кезінде полицияға арыздандым. Арыз жазғаннан кейін бұрынғы күйеуімнің тәтесі хабарласып, өзінің үйіне мені шақырды. Ол менен арызымды қайтарып алуды талап етті. Егер де қайтарып алмасам "жұмыстан шығарып жіберемін", "дипломмен ауылға бағдарламасы арқылы алған пәтеріңді тартып аламын" деп қорқытты. Ол кісі – М.А. Сапарова газет редакторы болып жұмыс жасағандықтан, ол жерде онымен ешкім байланыспайды. Содан амал жоқ мен өз арызымды қайтарып алдым.

Енді менің басқа баратын жерім жоқ. Ол (бұрынғы күйеуім – ред.) бетіме "кислота" шашып кетемін деп қорқытады.  Маған тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Жұмыстан келе жатқанда үйге кіруге, бір жерге баруға қорқамын. Болып жатқан оқиғалардан баламның психикасы бұзылды. Енді Қарабалық кентінен басқа мектепке жұмысқа орналасқым келеді, бірақ ол осы жаққа да іздеп келеді деп қорқамын, – деді Айсұлу Бәйтенова.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға ішкі істер министрлігі жауап берді.

"Іс Қарабалық ауданының полиция бөліміне тіркелді. Видеода айтқан деректерлерге тексеру жұмыстары жүргізіледі, нәтижесі хабарланады. Сонымен қатар бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қақтығыс ауданның тиісті органдарының назарында" делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы полиция департаменті басшылығының істі бақылауға алғанын хабарлады.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар