Алматы облысы Жамбыл ауданындағы жекеменшік балабақша ашқан кәсіпкерлер аудандық орталық ауруханаға көмек ретінде 20 төсек сатып алып берді. Игі бастамаға қатысқан жомарт жандар алдағы уақытта сауапты істің тағы да жалғастыратынын айтты.
Жамбыл ауданында жекеменшік балабақша ашқан кәсіп иелері жұмыстарының уақытша тоқтап тұрғанына қарамастан, аудандық орталық ауруханаға төсек алып беруді ұйғарыпты. Жуырда жекеменшік балабақшалардың бір топ құрылтайшысы аудандық орталық ауруханаға алғашқы жиырма төсекті жеткізді. Бұл – дәл қазіргі қиын жағдайда сырқаттанғандарды аяққа тұрғызу үшін аса қажет дүниенің бірі. Қарғалы ауылындағы «Айым» балабақшасының құрылтайшысы Бану Исаева осы бастамаға атсалысқан әріптес кәсіпкерлердің ниетін қоса жеткізді.
– Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде жекеменшік балабақша иелерінің ұйымдасуымен ауданымыздың орталық ауруханасына толықтай жабдықтарымен жиырма төсек сыйладық. Біз халықпен әрқашан біргеміз. Ауырмаңыздар. Індеттен сақтанайық. Осы қиыншылықтан бәріміз бірлесе, бір-бірімізге көмек қолымызды соза отырып тезірек арылайық, – деді ол.
Көмекті қабылдап алған медицина мекемесінің қызметкерлері де кәсіпкерлерге шынайы алғыстарын білдіріп, індетпен күресте жеңіске жететіндеріне сендірді. Осы орайда жұқпалы аурулар бөлімшесінің дәрігері Майра Құдиярова мен аудандық орталық аурухана директорының әдістемелік-ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Наталья Кравченко: «Елімізде осындай қиын-қыстау жағдай болып жатқанда бір жағымызға демеу болған жекеменшік балабақшалардың иелеріне рахмет айтамыз. Бұған емделушілеріміз де риза болады деген ойдамыз. Бұл қиындықты лайықты еңсеріп, абыроймен жеңіп шығамыз», – деген ризашылық пейілдерін білдірді.
Айдар ҚАЛИЕВ
Алматы облысы
Пікір қалдыру