Ішкі істер министрлігі Ақтау қаласында адам көп жиылған жаназаға қатысты тексеріс жұмыстарын бастады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
ІІМ мәліметінше, Маңғыстау облыстық полиция департаменті тиісті шараларды дер кезінде қолға алмаған. Соның салдарынан қатаң карантин кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілді. Осыған байланысты министр қызметтік тексеріс өткізуді тапсырды.
"Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақтау қаласындағы жерлеу рәсіміне адамдардың көптеп жиналуына қатысты қызметтік тергеу шараларын өткізуді тапсырды" делінген хабарламада.
Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы бойынша 3-17 тамыз аралығында қатаң шектеу шаралары енгізілген болатын.
Айта кетейік, полиция генерал-майоры, БҚО полиция департаментінің басшысы Мақсұтхан Әбләзімов пен кәсіпкер Бахаридин Әбләзімовтің анасы Бибіжамал Әбләзімова 79 жасында қайтыс болған. Жерлеу рәсімінің видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Видеодан карантинге қарамастан жерлеу рәсіміне жүздеген қала тұрғыны жиналғанын көруге болады. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының жолды жауып тастауы адамдардың наразылығын тудырған.
Оқиғадан кейін ақтаулық белсенділер облыстық полиция департаментінің бастығы генерал-майор Жанарбек Бақтыбаев пен облыстық денсаулық сақтау дәрігері Ерғали Сыдымановтың отставкаға кетуін талап етуде.
Пікір қалдыру