Елдегі жағдайға байланысты "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" бағыты бойынша аудан тұрғындары мен атқамінер азаматтары игі бастама көтеріп, медициналық мекемелерге қолдау көрсету шараларын бастап кетті.
Үржар аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ақпеков Мұхаметханның мұрындық болуымен және аудандағы кәсіпкер азаматтардың қолдауымен "Үржарға көмек" атты қайырымдылық қоры құрылып, жиналған қаражатқа 20 млн. теңгенің құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектері ауруханаларға таратылды. Сонымен қатар осы ауданнан шыққан меценат, "Атамұра" корпорациясының президенті Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед Мақаншы ауданаралық ауруханасына жалпы құны 10 млн. теңге тұратын оттегі концентраттарын, қорғаныш құралдарын сыйға тартып, 1 млн.теңге қаражатты "Үржарға көмек" қорына аударды. Аудан тумасы, кәсіпкер Құсман Шалабаев та бұл бастамадан шет қалмай, 1 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Игі бастамаға ауданнан шыққан спортшылар да үлестерін қосуда. Атап айтсақ палуан Әсет Мәмбетов туған жері Алтыншоқы ауылының тұрғындарына дәрі-дәрмекте алып берді. Көлденең ауылындағы "Юбилейный" ЖШС серіктестігі тарыпынан Үржар ауылында орналасқан ауданаралық аурухананың провизорлық бөлімінде ем қабылдап жатқан азаматтардың денсаулығын көтеру мақсатында қомақты мөлшерде қымыз және ет өнімдері табыс етілді. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген нақылды ту еткен аудан азаматтары бүгінгі күнге дейін 12 ауылдық округте, атап айтсақ: Үржар, Мақаншы, Алтыншоқы, Елтай, Жоғарғы Егінсу, Көкөзек, Қарақол, Таскескен, Бақты, Қабанбай, Қаратұма ауылдарында орналасқан медициналық мекемелерге жалпы сомасы 40 млн. теңгеге жуық қаражаттың медициналық құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектерін табыс етті. Сонымен бірге "Халықтан халыққа" қайырымдылық қоры да үржарлықтарға демеушілік көрсетіп, медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектер түріндегі көмектерін беруде.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстары жалғасын табады.
Пікір қалдыру