Коронавирустан қайтыс болған адамның денесінде вирус сақталады (видео)

/image/2020/08/06/crop-205_1_461x819__112180829_p08ck43y.jpg

Коронавирус індетінен қайтыс болған адамдардан басқаларға вирустың жұғу қаупі бар. Бұл туралы сарапшылар КТК телеарнасы дайындаған сюжетте айтты.

Бір ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-дан қайтыс болғандарды санитарлық талаптарды сақтай отырып, кез келген зиратта жерлеуге болады деген шешім шығарған. Алайда бұлай жасалса, қауіпті кесел одан сайын кеулеп кетуі мүмкін дейді эпидемиологтар. Олардың айтуынша, індеттен көз жұмған адамның денесінде вирус 15 сағатқа дейін сақталып, өзге адамдарға жұғуы ықтимал.

– Коронавирустан ажал құшқан адамнан алғашқы екі-үш күн вирус жұғу қаупі жоғары болады. Ол марқұмның ағзасында кемі жарты тәулікке дейін сақталады. Мәйітхана қызметкерлері індеттен қайтыс болған адамды сойған кезде немесе жуындырған уақытта қорғаныш құралдарын кигені жөн. Сондай-ақ жақындарын жер қойнына тапсыратын жандар санитарлық ережені сақтауы тиіс, – дейді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ микробиология және вирусология кафедрасының меңгерушісі Бақыт Рамазанова

Санитар дәрігерлер мәйіттен кесел жабысатынын растап отыр. Алайда олар мәйітхана қызметкерлері қауіпсіздік ережесін қатаң сақтайтынын алға тартты.

– Сондықтан жерлеу рәсімі арнайы тәртіппен жүзеге асса, үрейге бой алдырудың еш қажеттілігі жоқ, – дейді жауапты департмент өкілдері.

– Бұл мәселе әлі толық зерттелген жоқ. Ғалымдар түрлі пікір айтады. Бірақ қауіптің бар екенін теріске шығармаймыз. Сол үшін де жерлеудің арнайы алгоритмі әзірленген. Егер осы тәртіпті медицина қызметкерлері мен марқұмның жақындары орындаса, бәрі дұрыс болады. Коронавирустың ауа арқылы тарайтынын ұмытпауымыз керек, – дейді  Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева. 

Мәйітханада марқұмды алдымен дезинфекциялық сұйықтықпен жуындырып, кебінге салады. Кейін мүрдені полиэтилен пакетпен орайды. Бұл жоралғыны тек арнайы мамандар істейді. Себебі, аурудан ажал құшқан адамды қорғаныш құралдарынсыз қолмен ұстап, оған жақындауға мүлдем болмайды. Жақындарын жер қойнына тапсыруға келген жандар бетперде киіп, арақашықтық сақтауы тиіс.

Бас санитар дәрігердің ережесін елемейтін жұрттың қарасы көп. Жерлеу рәсімінде жүрген қарақұрым халықтың түрлі видеолары әлеуметтік желіде өріп жүр. Қорымдағы қарбаласта ара қашықтық сақталу былай тұрсын, бетперде кимейтіндер де жетіп артылады. Ал елімізде марқұммен қоштасуға барып, коронавирус жұқтырған науқастар бар. Бірақ олардың саны нақты белгісіз. Сондықтан эпидемиологтар халық зиратта қарапайым санитарлық ережені орындауға міндетті деп отыр. Өйткені бір адамның салғырттығы талай жанның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар