Қалың қалай, қарындас? Ғаламтордың торына түскен қазақ қыздары қайда жүр?

/uploads/thumbnail/20170708192726945_small.jpg

Қазіргі кезде көптеген қазақ қыздары түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы жігіттермен танысып, тіпті шетелдік азаматтарға да тұрмысқа шығып жатқаны туралы естиміз. Менің басымнан мынадай оқиға өтіп еді. Бұл бір жағынан өмірдің сынағы болар, басқа қыздар алданбасын деп, «Қамшыға» жазып отырмын. Мамандығым — эколог, жоғарғы оқу орнын бітіргенмін. Университетте болашағыма керек болар деп, қосымша түрік тілін оқып алғанмын. Түрік тілін оқып жүргенде түрік мұғалім маған қатты әсер етті. Жүріс-тұрысы, келбеті, жомараттығы...

«Тұрмысқа шығатын жасқа келдім» деп ойладым. Күйеуді қазақтан емес, түріктен табуым керек деп шештім. Танысудың жолы ретінде түрік сайттарына кірдім. Бірнеше сайтқа тіркеліп, жігіттермен таныса бастадым. Үш ай бойы ғаламтор арқылы Түркияның түкпір-түкпіріндегі түрлі кәсіп иелерімен сөйлестім. Үш ай маған шетелдік күйеудің қандай болатынын, махаббат дегенге тым қатты сенуге болмайтындығын, ал электронды таныстықтың ешқандай опалы отбасын құруға әкелмейтінін, түрік жігіттерінің әйелге қалай қарайтынын әбден ұқтырды. Көкейіме көп нәрсе тоқыған мен үш айдан соң тіркелген сайттардың бәрінен шығып кеттім. Өйткені, ғаламтор арқылы танысудың аса қауіпті екеніне де көзім жетті.

Танысқан бірнеше жігіт туралы айтайын. Қара теңіз аймағында тұратын өзін «шенеунікпін» деп таныстырған Ибраһим сайт арқылы сөйлескеннен бір апта өтпей жатып «үйленемін» деді. Тіпті ұшақпен келіп, мені алып кетпек болды. Жағдайы жақсы көрінеді. Қымбат автокөлігінің суретін де жіберді. Жеке өзінің алты бөлмелік үйі бар-мыс. Ешкімнен естімеген жылы сөздерді осы сайттағы жігітерден естідім. Сөйтсем, бәрі арбап қолға түсірудің амалы екен. Таңертеңнен кешке дейін сайтта отыратын бұл «шенеуніктен» күдіктене бастадым. Жұмысы жоқ ол қандай шенеунік, қыздармен таныстықтан басқаны білмейтін. Сөйтсем сайттағы жігіттердің арасында «жалған бойдақтар» өте көп екен. Қысқасы бұл жігітке «күйеуге шығудан» бас тарттым.

Менің түрікше сөйлескенім түрік жігіттерін қызықтырды. Жалпы ол жақта шетелден әйел алу қазір сәнге айналса керек. Әсіресе түрікше сөйлейтін шет елдік қыздарға ерекше қарайтын көрінеді. Стамбулдан өзін «Ерол» деп таныстырған 36 жастағы біреу менімен жақын танысқысы келді. Сөйлесе келе бұрын орыс, украин, т.б. ұлттардан бірнеше әйелі болыпты. Олар оның үйінде бір-бір ай ғана тұрып кеткенін білдім. Түріктің танысу сайттарынан түйгенім бұндай жолмен танысқандардың ешқайсысы сәтті неке құрмайды, әшейін қысқа уақыт бірге тұрып айрылысу үшін ғана керек екен. Оның үстіне ол жақтың жігіттері шетелдік бойжеткендердің түріктік сұлулық, жомарттықа қызығатынын біліп алған. Шетінен шақырып алып, бір-екі ай өткен соң шығарып жіберетіндері өте көп. Негізінде танысу сайттарына дені дұрыс адам тіркелмейтініне көзім жетті. Сайттарға тіркелетін жігіттердің басым бөлігі әйелі бар немесе бұрын үйленіп, ажырасқандар. Олар тіпті әйелге біздегі сияқты « адал жар» деп қарамайды екен. Шетелдік келінді ата-анасы қабылдамайды, ал бұндай неке заңды саналмайды. Үйленгеннің өзінде бала туып, әйелдік міндетті атқарушы деп қана түсінеді.   

Сосын бір таңқалғаным, түрік сайттарындағы жігіттердің барлығы дерлік таныса сала «бізге теңізге демалуға кел, қыдырамыз» деп шақырады. «Менің ауылыма кел, үйленейік» дейтіндер де көп. «Қыз жігіттің ауылына іздеп барып, үйленбейді ғой, керісінше емес пе?» десем, оған қарамайды.  Сайттағы жігіттер ары кетсе бір апта ғана сөйлеседі. Бұл уақыттың ішінде үйленуге (шынымен үйлену ме, әлде ар жағында басқа пәле бар ма) келіспесең, қош айтысады. Махаббат, сүйіспеншілік мүлдем жоқ. Қара теңіздік жігітпен ғана екі ай сөйлестік сайт арқылы. Суретін жіберді. Бір психолог әпкеме көрсетіп едім, «түрі біртүрлі, қауіпті кісі екен» деді. Сынау үшін «Мен сені күтіп алуға әке-шешеммен бір-екі апта дайындалайық, бір айдан кейін кел» деп едім, «Бітті саған үйленбеймін, сонша уақыт күте алмаймын» деп шорт кесті. Көрдіңіз бе, қанадай алдамшы екенін?

Ғашықтық сайттарындағы таныстық түгел осындай қысқа мерзімдік тілдесу түрінде өрбіді. Кипрде тұрып жатқан «өзін түрікпін» деп таныстырған 24 жасар біреу өзінің Түркияда оқып жатқан қазақ қызымен бір жылдай заңсыз тұрғанын, жақын қатынастары туралы жазғанда жағамды ұстадым. «Тағы бір қазақты тапқым келеді. Қазақ қыздары жақсы әйел болады.  Сен маған әйел бол» деді. Мен қайсысына болса да адал ниетпен, заңды үйлену туралы жазсам, барлығы күле қарайды.  Сайттағы мырзалар қыз-келіншектермен уақытша пайдалану мақсатын көздеп танысады екен.

Айтайын дегенім, шет тілін меңгерген құрбыларым осындай сайттардан болашақ жарын іздеп, тіпті теңіз асып, жігіттің еліне кетіп, қара бет боп қайтып келіп жатқандары туралы еститін болдық. Мен де қасымдағы әпке, жақындарым болмаса Түркияға кетіп қала жаздадым. Ары қарай не болатын едім? Әлде адам саудасы, әлде біреудің күңіне айналар едім. Туыстарым бұл әрекетімнің қауіпті екенін, сайттың ар жағындағы «көркем жігіт» мені қолжаулық қылып, біраз уақыт пайдаланған соң талақ етіп шығарып тастайтынын айтты. Біз, қыздар аңғалмыз ғой. Шет елдік мырзалар қазақ азаматынан артық боп  көрінеді. Олардың көбісі негізінен уақытша әйел ету үшін ғана сыйлықты үйіп-төгіп, жомартсынатынына мән бермейміз. Қыздар, ғаламат өмірді шетелден іздеудің керегі жоқ! Көрінген шетелдікке ақшасына бола, сәттік жомарттығына иланып, алданбаңдар дегім келеді. Олар қызды қолға түсіру үшін неше түрлі қияли әңгімелерді айтып, арбайтынын байқадым. Басыңа жұмақ орнатып тастайды. Ал шынайы өмірлері басқа.  Сайт, әлеуметтік желі  арқылы танысу шынайы махаббатқа әкелмейді, тек абыройды төгеді.

 Бір түрік журналисінің сол сайт арқылы маған айтқаны бар еді: «Қазақ қызы, бұл сайтта не іздеп отырсың? Мен ғой, бос уақытымда әртүрлі қыздармен сөйлесіп, олардың өмірге көзқарасын білу үшін ғана отырмын. Әйтпесе өзімнің түрік әйелім, балаларым бар. Ғаламторда шынайы неке, адал махаббат деген болмайды. Ғаламтордағы ғашықтық бұзылуға апаратын теріс жол. Менің саған жаным ашып отыр. Айтарым, болашақ жарыңды ғаламтордан іздегенше шынайы өмірден тап. Алдамшы дүниеге қызықпа» деген. Рас-ау, тіпті мен «күйеу» тапқанның өзінде оның отбасы мені қабылдамас еді ғой. Өйткені, Түркияда үлкендер шетелдік келіндерді онша жылы қабылдамайтынын, тіпті бұзылғандар санайтынын естіп жүрміз. Түркияда қыз бен жігіт танысып, қыдырса, қыздың бұзылғаны саналады екен. Сондықтан ата салтты сақтап, екеуі қыдырыстамай, құда түсіп үйлендіру әдеті сақталған. Қазір өзім түрікке күйеуге шығуды армандағаным нағыз ақымақтық болғанын түсіндім. Сайт, әлеуметтік желілер арқылы ешкіммен таныспайтын болдым.

 

Жанар Әлжан,  21 жас.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар