Карантин кезінде қайырымдылық жасаған кәсіпкерлер марапатталды

/image/2020/08/21/crop-7_42_713x1267_whatsapp-image-2020-08-21-at-13.55.23.jpeg

Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов карантин уақытында қайырымдылық көрсетіп, игі шараларға атсалысқан кәсіпкерлерді марапаттады.

Алғыс хатпен марапатталғандардың қатарында жеке кәсіпкер Динара Тайжановаға «Ана жүрегі», Ержан Барысовқа «Отан патриоты» медалі табысталды.

«Әлемді дүрліктірген коронавирус індеті елімізді де айналып өтпеді. Алайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде тапсырма беріп, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауының арқасында індеттің алдын алу мен болдырмауға қатысты тиісті іс-шаралар атқарылуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиын сәтте жаны жайсаң азаматтарымыз жанымыздан табылып, қайырымдылық көмектерін ұсынғаны құптарлық іс болды. Жомарт жандардың қарапайым болып келетіндігі белгілі, кейбір азаматтар насихаттауды қажет етпейді. Алайда, өздеріңіздей жомарт жүректі азаматтарды ерекше атап өткім келеді. Әрдайым халықтың алғысын арқалап, істеріңіз берекелі бола берсін демекпін. Еліміздің өркендеу жолында атқарылып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға жақсылық, дендеріңізге саулық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Сондай-ақ, жиын барысында қалалық ардагерлер кеңесінің басшысы А.Керімбеков, қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Мейрембаев және мәслихат хатшысы А.Темірболат игі істің ұйытқысы болып жүрген кәсіпкерлерге ризашылықтарын айтып, ыстық ықыластарын білдірді.

Ал, демеушілер атынан сөз алған «Талдықорған-КОМФОРТ» ЖК директоры, кәсіпкер Дәурен Талипов:

— Біздің қауымдастықтың құрылғанына алты ай болды. Осы уақыт аралығында командамызға сексен жас кәсіпкер келді. Негізгі мақсатымыз мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, екіншіден жас кәсіпкерлердің деңгейін жоғары дәрежеге көтеру. Сонымен қатар қаламызға сырттан инвестиция тарту жоспарымызда бар, — деп атап өтті.

Пандемия кезінде қолдау көрсеткен кәсіпорындардың алдыңғы қатарында құрамында бірнеше өндірістік және сервистік кәсіпорындарды біріктіріп отырған «АСПМК-519» ЖШС, аккумулятордың көптеген түрін шығарып, елімізге және шет мемлекеттерге танымал болып отырған «Қайнар-АКБ» ЖШС сынды ірі өндіріс ошақтары бар. Айта кетейік, Талдықорған қаласының әкімдігінде коронавирус инфекциясына қарсы күрес ұйымдастыру үшін арнайы штаб құрылған болатын. Оның құрамында кәсіпкерлер мен денсаулық сақтау ардагерлері және қоғам қайраткерлері бар. Штаб құрылғалы демеушілердің қолдауымен осы уақытқа дейін 100-ден аса оттегі аппараттары ауруханаларға табысталған.

 

Айдар ҚАЛИЕВ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар