Қазақстанның білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылына орай тағы да өзгерістер енгізді. Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасына берген сұқбатында министрліктің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова мәлімдеді.
– Мұғалім тапсырмаларды платформаға салады. Бізде осы жылы бұрынғыдай үй тапсырмасы деген берілмейді, тек қана бір тапсырма болады. Оны мұғалім Kundelik.kz-ке салады. Мектеп платформаны қолданатын болса, оқушы сол жердегі тапсырманы ғана орындайды, – деді Майра Мелдебекова.
Жаңа оқу жылы алдында денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мұғалімдердің коронавирусқа тест тапсырмайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, ол мектеп оқушылары да ғимаратқа медициналық бетперде тағып, ара қашықтықты сақтайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда тамыздың 25-28-і аралығында 2-11-сыныптар қашықтан бірыңғай сабақтар өтеді. Олар өткен материалдарды қайталайтын болады.
Пікір қалдыру