Алматы облыстық Ішкі істер департаменті көші-қон заңнамасын бұзған азаматтардан 25 399 730 теңге көлемінде айыппұл өндірілгенін мәлімдеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мәлім болғандай, 2015 жылдың басынан бері 130 000-нан астам шетел азаматтары Алматы облысы аумағына өткен. Оның 19 680-і алыс шетелдерден келгендер ретінде көрсетілген
Көші-қон полициясы ұйымдастырған рейдтік шаралар барысында Қазақстан заңнамасын бұзған 5 615 шетелдік әкімшілік жазаға тартылған. Олардың ішінде 400-і өзіміздің отандастарымыз екені анықталған.
Мәліметтер бойынша, анықталған заңбұзушылықтар бойынша өңір полицейлері мемлекет пайдасына 25 399 730 теңге көлемінде айыппұл өндірген. 403 шетелдік бұзушылықты қайталап жасағаны үшін Қазақстан шекарасынан шығарылған және 1484-іне әкімшілік тұтқынға алу жазасы қолданылған.