Шымкент қаласына жаңа тағайындалған әкім Ғабиболла Әбдірахымұлы қалаға келген қонақтарды «кетпеймін» деп жылайтындай етеміз деді. Бұл туралы «Қамшы» порталы NUR.kz-ке сілтеме жасайды.
Жиында сөз алған Шымкенттің жаңа әкімі оңтүстік халқына қызмет ету үлкен мәртебе мен жауапкершілік екенін атап өткен.
«Ең алдымен туған қалама осындай лауазымды қызметке жібергені үшін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіргім келеді», – деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар, жаңа әкім Шымкент қаласы президенттің ерекше назарында екенін, қаланы дамытуға тапсырмалар бергенін атап өтті.
«Шымкент қаласын тек Қазақстандағы емес, әлемдегі ең бір әдемі, қолайлы, күндіз-түні қалада адамдар қыдырып жүретін, Шымкентке келетін адамдар қайтып кеткісі келмейтіндей қала қылуымыз керек. Қала қонақтары «қала деген осындай болуы керек» деп айтуы тиіс. Жылап, қоштасарда «кетпеймін» деп айтатындай ету қажет», – дейді жаңа әкім.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Шымкент қаласының әкімдігінде өткен жиында қаланың жаңа әкімі болып Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Жаңа әкімді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған. Бұл ұсынысты қалалық мәслихаттың депутаттары бірауыздан қолдап, қуаттаған болатын.
Нұрзат Тоғжан