Атырау облыстық білім беру басқармасы облыстағы мектеп оқушыларына қатысты болған оқыс оқиғалар әлеуметтік желілерде жариялағандай қашықтан оқытудағы интернет желісіне еш қатысы жоқ екенін хабарлады.
"Атырау облыстық Білім беру басқармасының мәліметінше, Қызылқоға ауданы Жантерек елді мекеніндегі штаттық режимде жұмыс істейтін №75 бастауыш мектептің 3-сынып оқушысы 27 қыркүйекте қырдағы атасының үйіне барғанда, трактордан құлап, қолын ауыртып алған. Артынша анасы Атырау қаласына әкеліп, қолына гипс салдырған. Қазіргі кезде баланың жағдайы жақсы. Мектептегі сабағына қатысып жүр.
Сондай-ақ Атырау қаласы Тасқала елдімекенінде тұратын №32 орта мектебінің 9-сынып оқушысы 1 қазан күні өз үйінің ауласында көмектесу үшін жаңадан салынып жатқан үйдің үстіне шығып, байқаусызда құлап қолын сындырып алған. Қазіргі таңда ол облыстық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Сабақты қашықтан оқып отыр. Жағдайы жақсы" делінген хабарламада.
Бұған дейін Атырау облысында интернет сигналын іздеп, биік жерге шықпақ болған екі оқушы абайсызда құлап жарақаттаны хабарланған.
Пікір қалдыру