«АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ»: ҚАЛА КҮНІНДЕ 150-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

/image/2020/10/10/crop-121_4_624x832_6a6d820c-683d-405a-82da-125a85afd2a0.jpeg

 

Бүгін жасыл желекке оранып, тотыдай түрленген Талдықорғанда «Қала күні» мерекесі тойланды. Жетісудың жүрегіне айналған шаһардың мерекесіне орай 150-ге жуық отбасы үйлі болды.

Әуелі Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов котеджді қалашыққа, «Көктем» шағын аудандарына барып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты, көпбалалы аналарға, жетім балалар, I-II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер кілтін табыстап, ізгі тілегін білдірді.

– Бүгін талдықорғандықтар үшін – қос мереке. Қала күні мерекесімен қатар бүгін 131 отбасы үйлі болып, қуанышқа кенелуде. Атап айтсақ, жаңа ғана коттеджді қалашықта 71 азамат жаңа үйдің кілтін алса, осы жерде 60 отбасы баспаналы болғалы тұр. «Туған үйдің түтіні де жылы» деген сөз бар. Осы шаңырақ сіздерге құт-береке әкелсін, жаңа үйде өсіп-өне беріңіздер! Мұндай қуаныштарға қол жеткізу – облыс орталығы Талдықорған қаласының күннен күнге дамып, өркендеп келе жатқанының куәсі. Соңғы жылдарда қалада 6-шы, 7-ші, 8-ші шағын аудандар, коттеджді қалашық бой көтеріп, тұрғын үйге мұқтаж отбасылар баспаналы болуда. Бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуының нәтижесінде, ең алдымен  Елбасымыздың, Президентіміздің тікелей қолдауының арқасында жүзеге асты. Халықтың әл-ауқатын арттыру, қолжетімді баспанамен қамту туралы тапсырмаларының аясында орындалды. Жалпы қалашықта барлығы 620 тұрғын үй берілетін болады. Қазіргі таңда соның 200-ден астамы беріліп үлгерді. Енді облыс басшысы Амандық Баталовтың арнайы тапсырмасымен желтоқсан айында тағы 48 коттеджді қолданысқа бреу жоспарымызда бар, — деді Ғалымжан Райылұлы.

Мереке қарсаңында баспана бақыты бұйырып, үйлі болған жандар шексіз ризашылығын білдіріп, ақжарма тілектерін ақтарды.

Аталмыш шара «Салтанат сарайында» жалғасын тапты. Басқосуда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұртшылықты мерекелерімен құттықтады.

Талдықорған қаласының төл мерекесі, қала күні өздеріңізбен жүздесіп, арнайы құттықтап, мерекені салтанатты жағдайда өткізуді жөн көрдік.  Бүгінгі мерекені қалалықтар ерекше қуанышпен атап өтуде. Жаңа ғана біз 131 отбасыға жаңа тұрғын үйлердің кілттерін табыс еттік. Сол көтеріңкі көңіл күй осы жерде жалғасын тауып, сіздермен жүздесіп отырмыз.

Биылғы жыл біршама қиындықтар туғызғанымен, жалпы Алматы облысының, соның ішінде Талдықорған  қаласының өсіп-өркендеуінде тұрақтылықты сақтай алдық.Елбасының тапсырмаларына, Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында жұмыстар қарқынды жүрді. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін көрсетіп, халықтың тұрмысын жақсартуға зор ықпал етті, – дей келе өңір жетістігіне тоқталды.Сондай-ақ, елімізді індет жайлаған кезде күн-түн демей қымет еткен ақ халатты абзал жандарға 16 пәтер кілтін табысталды.

Жиын барысында Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жұртшылықты мерекемен құттықтап, шаһардың дамуы мен өркендеуі жолына үлесін қосқан зиялы жандарға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Атап айтсақ, Алматы облысы және Қазақстан Республикасының  спорт саласында Еңбегі сіңген азамат Рахымбек Төлендінов, Бикен Римова  атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Мәкен Нұрмұхамбетова, Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы директорының орынбасары Валерий Сапожников, зейнеткер Хабдулла  Ибрайымханов, "JLC сүт" ЖШС-ның директоры Ольга Богданова «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты.

Сонымен қатар, қала күні мерекесі аясында өткен «Жаса, жайна – Талдықорған», «Ару қала – Талдықорған»  сынды түрлі челендждерде үздік шыққан жандарға бірқатар аталым бойынша марапат табыс етілді.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар