Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мұхаммед пайғамбардың суретін келемеждеп салған "Charlie hebdo" француздық журналына қатысты мәлімдеме жасады.
Діни басқарма төзімсіздік пен өшпенділік қоғамның тұтастығы мен мәдениетаралық қатынастың бұзылуына алып баратыны жайлы жазды.
"Жуырда Францияның "Charlie Hebdo" журналының Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келемеж суретін салуы және кейбір билік өкілдерінің айтқан қисынсыз пікірі әлемдегі барлық мұсылмандардың ашу-ызасына себеп болды. Шынайы мұсылман өзінің пайғамбарына болған сүйіспеншілігін, оның нағыз үмбеті екенін сенімі мен ізгі істері, әдептілігі мен көркем мінезі арқылы көрсетеді. Сонымен қатар, мұсылмандар өз діні мен пайғамбарын қорлауға жол бермейді. Себебі, пайғамбарға иман келтірумен қатар оны қорғау да мұсылманның міндеті болып табылады" делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы француздық журналдың әрекеттеріне өзінің келіспеушілігін білдірді және мұсылмандарды түрлі арандатушылық әрекеттерге берілмей, төзімді болуға шақырды.
Пікір қалдыру