Қазақстаның дамуында Елбасының саяси қолтаңбасы айқын көрінеді – Түймебаев

/image/2020/12/07/crop-95_11_415x553_201130165550868a3724822i.jpg

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы күніне арналған «Елі сүйген, Елін сүйген Елбасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған сұхбат-кездесуді аша отырып, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев бұл жиынның Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өтіп отырғанын атап өтті.

«Қазақстанның Тәуелсіз, зайырлы отыз жылдық жаңаша тарихының әрбір кезеңінде Ұлт Көшбасшысының саяси қолтаңбасы айқын көрінеді. Елбасы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылдырып, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге танытты», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар, ол Ассамблеяның 25 жылдығының басты оқиғасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 11 қарашада өткен Ассамблея Кеңесіне тоқталды.

«Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде тәуелсіздіктің бүкіл кезеңіндегі бірлік пен келісім саясатын сараптап берді. «Ассамблея азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім – Қазақстан қоғамы өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуының жолында дәл осылар негізгі алғышарт болды»,– деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, отбасының амандығы, бірлік, қонақжайлылық және еңбексүйгіштік, ынтымақ пен құрмет, бір-бірімізді қолдауға және өзара көмекке дайын болу Қазақстан халқының ортақ құндылықтарының бірі.

«Тұңғыш Президент «Отанға деген сүйіспеншілігімізді үнемі қастерлеп отыру, оның тарихи тағдыры үшін ортақ жауапкершілігімізді нығайту» қажеттігін тапсырды», - деді ол.

Жиынға Елбасының жанында жүріп, саяси мектебінен өткен, өмірлік тәжірибесінен сабақ алған, сұхбат құрған азаматтар, атап айтар болсақ: ҚР Президенті Архиві жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, көптеген ғылыми еңбектердің авторы Борис Әлікенұлы Жапаров; ҚХА Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің 2001-2004 жылғы Баспасөз хатшысы Жанай Сейітжанұлы Омаров, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зиятдин Исмиханұлы Касанов; «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, ҚР Президенті сыйлығының иегері Қали Қошқарұлы Сәрсенбаев; «Уйғуравази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ершат Моллахунұлы Асметов қатысты.

Жиналғандар қоғам өмірінде, жастар арасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекет қалыптастырудағы тарихи рөлін айшықтау мақсатында Елбасымен кездескен естеліктерімен бөлісіп, ой өрбітті.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар