М.Оспанов мемлекеттік қызметтен үміттенбей-ақ қойсын

/uploads/thumbnail/20170708193425690_small.png

Жақында қазақстандық БАҚ-та аса ірі көлемде пара алып ұстылған ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспановқа қатысты даулы пікір-талас туған болатын.  Экс-төраға 7 жылдан кейін мемлекеттік қызметке оралады деген қауесет оқырмандардың арасында даулы сұрақтың туындауына себеп болған. Осыған орай, ҚР Бас прокуратурасы ресми сайтында түсініктеме берген.

Бұл туралы «Қамшы» порталы www.nur.kz-ке сілтеме жасайды.

 «Бас прокуратура осы жағдайды түсіндіріп өтуді жөн көрді. 2015 жылдың 23 шілдесінде Астана қалалық сотының кассациялық сатысы Мұрат Оспанов адвокатының сот шешімімен келіспейтіні туралы өтінішін қарады. Бұл ретте, негізгі жаза ретінде берілген үкім, яғни айыппұл салу үкімі өзгеріссіз қалды да, қосымша жаза – өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын жаза өзгерді. Бұл мерзім жеті жылға дейін қысқартылды»,-делінген Бас прокуратураның ақпаратында.

«Неге мұндай шешім қабылданды? Оспанов қылмысты бұрынғы қылмыстық заң әрекет еткен кезеңде, яғни, мемлекеттік қызметтегі лауазымды атқару құқығынан максималды айыру жеті жылға дейін қарастырылған кезде жасады. Істі қайта қарау кезінде жоғарыда айтылған сот қылмыстық құқықтың негізін қалайтын – сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу туралы принципін негізге алды. Сотталған адамның жағдайын нашарлататын заңның кері күші жоқ екені баршаға мәлім. Сөйтіп, жоғарыда айтылған сот шешімімен жаза заңды түрде Оспанов қылмыс жасаған мезетте қолданыстағы Қылмыстық кодекспен сәйкес келтірілді», – деп түсіндіреді құзырлы орган.

«Алайда, бұл осы азамат жеті жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайтып келе алады дегенді білдірмейді. Себебі, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 10-бабының 4-тармағы 6-2-тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны және сол үшін сотталған адамды мемлекеттік қызметке ешқашан қабылдауға болмайды. Сондықтан, көрсетілген мемлекеттік қызметтегі лауазымды атқару құқығын 7 жылға шектейтін сот шешіміне қарамастан, Оспанов қолданыстағы Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес мемлекеттік органдардағы қандай да бір лауазымды иеленуге тіпті, ешқашан үміттене де алмайды»,-делінген хабарламада

Қатысты Мақалалар