Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі бәсекелестікті дамытудың негізгі бағыттары мен аталған саланы жетілдіру жөнінде берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берілді.
Серік Жұманғарин президентке әртүрлі нарықтарда бәсекелестікті дамытуға кедергі болып отырған мәселелер туралы және бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның әзірленіп жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа заңнамадағы кейбір өзгерістер, атап айтқанда, мемлекет иелігінен шығару саясатына қатысты, мемлекеттік және жекеменшік операторларды реттеу тетіктері, сондай-ақ, бәсекелестік саласының дамуына нормативтік-құқықтық актілердің әсерін бағалауды енгізу жайында баяндалды.
Сала мамандарының кәсіби әлеуетін көтеру шеңберінде президентке КАЗГЮУ Университетінің базасында «Бәсекелестік құқық» мамандығы бойынша магистратураның білім беру бағдарламасының ашылғаны жөнінде айтылды.
Сонымен қатар, Серік Жұманғарин мемлекет басшысына биылғы жылдан бастап елімізде ашық биржалық сауда басталатынын, оның мұнай өнімдері, көмір, электр энергиясы, сұйытылған газ және АӨК өнімдерін қамтитынын хабарлады.
Бұдан бөлек президенттің тапсырмасы бойынша фармацевтика, газ салаларында жүргізіліп жатқан тексерулердің барысы, сондай-ақ, дәрі-дәрмек бағасын реттеудің жаңа тәсілдері туралы жан-жақты баяндалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік төрағасына биржалық сауданы дамытуға, ведомство жүргізіп жатқан тексерулерге, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қорғау және дамытуға байланысты бірқатар тапсырма берді.
Пікір қалдыру