Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен кеңес отырысы өтіп, жиында Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қарулы күштерді қайта жарақтандыру мен қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарлары қаралды. Бұл туралы elbasy.kz сайты хабарлады.
Сайт мәліметінше, жиынды ашқан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатқанын айтқан.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені талқылау барысында президенттің көмекшісі – қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ә.Исекешев жаңа Стратегияның негізгі бағыттарын таныстырды. Онда қамтылған шараларға тәуекелдерді басқарудың заманауи әдістері басшылыққа алынып, ұлттық қауіпсіздік теңгерімді әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамумен берік байланысқан.
Нұрсұлтан Назарбаев биологиялық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен ұзақ уақытқа дейін түспейтініне назар аударды, себебі инфекциялық және басқа да аурулар жаһандық сын-қатерлерге айналды. Осыған орай Елбасы биологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басты қауіп-қатерлерге тойтарыс беру үшін тиімді шаралардың маңыздылығын атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық қауіпсіздікті, киберқауіпсіздікті, ақпараттық қауіпсіздік пен адами капиталдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Елбасы ұлттық қауіпсіздіктің дәстүрлі түрлері – сыртқы және әскери қауіпсіздікке тоқталды. Мұндағы негізгі сын-қатерлер сыртқы күштердің өзара текетіресіне, Орталық Азия мен оның төңірегінде тұрақсыз аймақтардың құрылу мүмкіндігіне, террористік, радикалды, қылмыстық және басқа да іріткі салушы күштердің өңірде шоғырлануына байланысты.
Талқылау қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар Қазақстан Республикасының жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының тұжырымдық ұстанымдарын мақұлдады.
Сондай-ақ, талқылау барысында Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін лайықты қамтамасыз етуге тиіс қарулы күштерді дамыту мәселелері қаралды.
Елбасы жаңа технологиялар енгізуді және қару-жарақ пен әскери техника өндірісіндегі технологиялық прогресті есепке ала отырып, қарулы күштерді жетілдіру қажеттігіне де тоқталды.
– Қарулы күштерді 2030 жылға дейін қайта жарақтандыру және қорғаныс өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы армияны жабдықтаудың ұзақ мерзімге арналған тәсілдерін айқындайды және жаңа технологиялық сын-қатерлерге сай келеді. Отандық қорғаныс өнеркәсібі – қорғаныс қабілетінің маңызды бөлігі, ол Қарулы күштердің сұранысына бағытталған, – деді Назарбаев.
Пікір қалдыру