Театр труппасы үш облыстың әкімдерінің көңілін көтеру үшін саунада өнер көрсеткен

/uploads/thumbnail/20170708193632919_small.jpg

Жақында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында  үш бірдей облыс әкімінің саунадағы «серілігі» туралы ақпарат тарады. Жәй серілік емес, өздерінің қызметтік мансабын пайдалана отырып, облыстық театр труппасы мен филормония әртістерін саунада ән салдырып қойған-мыс. Бұл ақпарат әуелде matritca.kz сайтында жарияланғанмен, арада көп ұзамай жатып-ақ, мақала алынып тасталған. 

Ал matritca.kz-ке сілтеме жасаған tribunakz.com сайты 29 тамыз күні Ақмола, Қостанай және СҚО әкімдері – Сергей Кулагин, Нұралы Садуақасов және Ерік Сұлтановтардың Ақмола облысына қарасты Зеренді ауылында демалыс үйіндегі саунада көңіл көтергендерін және облыстық театр труппасын түгел және филормониядан әртістер шақырғандығы туралы жазған. Сайт ақпараттарына сүйенсек, 50 шақырым қашықтық жолды жүріп келген театр труппасы әуелде тыр жалаңаш әкімдердің көңілін көтететіндіктерін білмеген. Ұзын-ырғасында, мансапшыл әкімдердің моншадағы шоуы 1 сағатқа жалғасқан. Айтпақшы, Зерендіде зерігіп жатқан әкімдердің көңілдерін көтергені үшін  үш әкімнің біреуі де өнерпаздарға алғыс айтпаған, қаламақыларын бермеген-мыс.

Бұл туралы matritca.kz-ке хабарласқан Көкшетау қалалық Ш.Құсайнова атындағы қазақ драмма театры әртісінің (аты-жөні көрсетілмеген) ағасы Дәулет Қуанышпаев айтып берген.

«Менің қарындасым Құсайнова атындағы театрда жұмыс істейді. Екі-үш күн болды, қатты шаршап жүр. Көңіл-күйі де жоқ. Бүкіл театр труппасын Зерендідегі «Зерен» демалыс үйіне апарып, Ақмола, Қостанай және Петропавлоск (СҚО) облыстарының әкімдерінің алдында өнер көрсетуге мәжбүрлеген. Бұны маған қарындасым кейін айтып берді.  Әкім мырзалардың өздері саунада тыр жалаңаш отырып, театр әртістеріне ән айтқызып қойғаны қай басынғандығы? »,-дейді Дәулет Қуанышпаев.

Оның айтуынша, театрландырылған көрініс бір сағатқа созылған. Бұл үшін өнерпаздарға ешкім қосымша ақы төлемеген.

«Бұл 29 тамыз күні болған. Ол жерге құрамында 15 адам бар театр труппасы мен облыстық филармония әртістері барған. Әртістер іс-сапар екен деп, таңғы сағат 07:00-де жолға шыққан. Негізгі жүрілетін қашықтық 55 шақырым болғанымен, өнерпаздар түн жарымда бірақ үйге оралған. Ал әкім мырзалардың патша көңілдері өнерпаздардың өнер тамашалауы үшін түн жарымды күттірген»,-дейді әртістің ағасы.

Театр әртістері саунадағы шенеуніктердің шектен шыққан әрекеттері туралы құзырлы органдарға мәлімдеуге бел буғанымен, өз қызметтерінен айырылып қалудан қорқатыны да рас екендіктерін жасырмайды.

Жоғарыдағы мәліметтерді сараптай келе түйген түйініміз - саунадағы «шенеуніктер шоуы» әкім мырзалардың әншейінгі еркелігі ме, әлде театр әртістері атқаруға тиіс қалыпты жұмыс нормасы ма?..

Естеріңізде болса, ойын-сауықты жаны сүйетін Павлодар облысының «еркелігін» Ақорда кешірмеп еді ғой. Қылмыстық іс қозғап, қудалауға түскен әкім сонда да кінәсін мойындаудан бас тартқан. Иә, бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді дегенді осы жолы әкім мырзалар жүз пайызға дәлелдеп бергендей болды. Үш облыстың әкімдері  демаладыны естіген қолшоқпарлар, жандайшаптар әртістерді әбден әбігерге салғаны түсінікті болды... Сергей Кулагин мен оның құрметті қонақтарының осы бір әрекеттері  бейне бір сойыс малы мен сауын биелерін, әнші-бишілері мен нөкерлерін ертіп жүретін бағзы заманның байларынан кем түспесе керек-ті. Әлде мемлекеттік тілден гөрі ресми тілдің мысы басым облыстар үшін әкім мырзаларға айрықша ерік берілген бе? Қалай болған күнде де, мәселемен құзырлы органдар айналысып, тергеу жұмыстары жүргізілуі  тиіс еді. Алайда біздегі қалыптасқан жүйе бойынша «команда мүшелері» бір-бірлерін сатпаған... Ал «командалық» жүйемен жұмыс жүргізетін сауықшыл әкімдердің тізгін ұстап тұрған дәуренінде қарапайым әртістер мен әнші-бишілердің көретін күндері осы да. «Ақсақал биліктің» кіші шенеуніктері кімге арқа сүйеп, осындай әрекетке баруы мүмкін? Бұл еркелік емес – күш көрсету. Өнерді қорлау, өнерпаздарды мазаққа айналдыру емес пе? Мәдениетті моншада қорлаған әкімдер тиісті жазаларын алуы тиіс!

Табанының бүрі жоқ әкімдерден не үміт, не қайыр?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар