CОVID-19-ға қарсы QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді. Бұл туралы рrimeminister.kz сайты мәлім етті.
– "QazVac" вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы "СҚ-Фармацияның" хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетін болады. Биыл 26 сәуірде халықты "QazVac" вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда, – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына жасаған сапары барысында.
Оның айтуынша, вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылмақ.
Сондай-ақ қазақстандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілгені хабарланды.
"Оның толық қауіпсіздігі дәлелденді, вакцина коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Инактивтендірілген вакцинаның артықшылығы, ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан басқа, "QazVac" вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді, олар тоңазытқышта +2-8 градус температурада тасымалданады" делінген ақпараттық хабарламада.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация 1 ақпанда басталды. 2021 жылғы 22 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 796 383 адам вакцина салдырған. Бүгінде азаматтарға ресейлік Спутник-V екпесі салынып жатыр. Британиялық "The Lancet" медициналық ғылыми журналы "Спутник V" вакцинасы 91,6 пайызға тиімді екенін мәлім еткен.
Пікір қалдыру