Алматы облысы Жаркент қаласының әкімі Болат Омаров белсенділерді қолдауға шыққан көлік жүргізушілеріне дөрекі сөйлегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Жаркент қаласының әкімі Омаровқа қатысты видеоларды анықтаған. Сол бойынша департамент тиісті шаралар қабылдау үшін Алматы облысы әкімінің аппаратына хат жолдады.
"Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2021 жылғы 5 мамырдағы жауабына сәйкес, Панфилов ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 70 өкімімен Б.Ш. Омаров бұзушылықтар үшін қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапқа тартылғаны анықталды" делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 22 сәуірде "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы Nur joly стансасында екі жүк көлігінің жүргізушісі заңбұзушылықтар жасап, қамауға алынған. Шекара аумағында кезекте тұрған 100-ге жуық жүк көлігінің жүргізушісі Панфилов аудандық полиция бөлімінің алдына жиналып, әріптестерін босатуды талап еткен. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жиналғандарды тарауға шақыруға келген әкім жүргізушілерге дөрекі сөйлеп, бейәдеп сөздер айтқанын көруге болады.
Видеода әкім наразылыққа шыққан жүргізушілермен кездесіп, оларға "сен" деп сөйлеп, қайтуға шақырады. Кейін жиналғандардың бірі "Әкім мырза сізді халық сайлады ғой, бәрін жайлап түсіндіріп берсеңізші" дегенде, "Мені сен сайлаған жоқсың" деп жауап берген.
Пікір қалдыру