Бүгін NurOtan партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің белсенді Жанболат Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты берген талап арызына сәйкес азаматтық іс бойынша онлайн сот процесі өтті.
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Ж. Мамайдың қолында іліп алар нақты дерек жоқ екенін айтады.
– Сот жүріп жатыр. Әрине, мұнда құрғақ сөз бен эмоцияға орын жоқ. Бәрі де дәлелді, тиянақты, айғақты болуы тиіс. Сонымен, екі тараптың да өз сөзін дәлелдейтін нақты фактілерді ұсынуы талап етілді. Байбек Мамайдың өзіне таққан айыптауларын теріске шығаратын нақты құжаттарды ұсынды. Енді сот "Мамайға да айтқан сөздеріңді дәйектейтін нақты фактілер мен дәлелдеріңді ортаға сал" деген талап қойды. Міне, қызық осы жерде басталды. Мамай мұны күтпесе керек. Қолында іліп алар нақты дерек, таққан айыптауларын негіздейтін анық фактілер жоқ. "Дебатқа түсем" деп бір, мәселені саясиландырмақ болып екі тырысып, ары-бері тартып көріп еді, мұнысынан түк шықпады. "Суға кеткен тал қармайды" дегендей, ендігі бар тапқаны "Сот неге қазақ тілінде емес, орыс тілінде жүреді?" деп шыға келді, – деп жазды ол.
Серікбаев Байбектің қазақшасына күмән келтіргендердің пікіріне де айтары барын жеткізді.
– Бәлкім, Байбек ақын Мұхтар Ниязовтай төгілдіріп, өлеңдетіп сөйлей алмайтын шығар. Бірақ ешкім де Байбекті жұмысқа қажетті деңгейде қазақ тілін жетік біліп, жатық сөйлей алмайды деп сын таға алмайды. Бір қазақтай қазақ тілін меңгерген. Бұл ретте Мамайдың жоқ жерден ілік іздеп, тілге жабысуы мүлдем қисынсыз. Оның қазақ тілін алға тартып, жанашыр бола қалуы арзан ұпай жинау, – деді саясаттанушы.
Бұдан бөлек ол Бауыржан Байбек Алматы әкімі болып тұрғанда қазақ тілі мен ұлттық мұраға қатысты көптеген жұмыс атқарғанын айтып, солардың бірқатарын тоқталады.
Ол "Болашақ" қорының қолдауымен шетелдік 40 шақты үздік мультфильмді қазақ тіліне дубляждауды, Алматыда "Алатау" дәстүрлі өнер театрының ашылуын, 400-дей көшенің, ықшамаудандардың атауын қазақшаға ауыстырғанын, жерасты өткелдерін жөндеп, оны ою-өрнекпен әспеттеп, қазақ күйлерін күмбірлетіп қойғанын, айтыс пен ұлттық спорт түрлерін дамытуға "Nur Otan" партиясының қолдау көрсетіп жатқанын тізбектейді.
Ал қоғам белсендісі Жанболат Мамай бүгінгі сот процесінен кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, "сот Байбектің жағында екені анық" деп мәлімдеді.
– Бара-бара Байбектің соты бізді қатыстырмай-ақ соттап жібере ме деп отырмын. Жаңа ғана біздің қорғаушымызға Әуезов аудандық соты Сартаева Р. хабарласып, сараптама өткізу туралы шешім қабылдағанын жеткізген.
Негізі, бұл жерде жауапкер біз емеспіз бе? Неге бізді қатыстырмайды сотқа? Шешімді неге біз тыңдамаймыз? Сот Байбектің жағында екені анық қазірдің өзінде. Оның шешімі: Сот сараптамасын тағайындау және біздің арызымыз белгілі маман Қарымсақованы қатыстырудан бас тартты, – деді Мамай.
Ол өз сөзінде "сот процесіне 10-ға жуық журналист қатыса алмады, іс жүзінде ашық сот процесі жабық түрде жүріп жатыр" деді.
Байбек-Мамай текетіресі белсендінің NurOtan партиясы төрағасының орынбасары туралы видеоматериал жариялауынан басталған. Жанболат Мамай ол жерде UZUN Qulaq телеграм каналындағы, ашық дереккөздердегі, бірқатар баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарды негізге алып, Байбекті "бюджет ақшасын "жеп" миллиардер атанды" деп айыптайды. Бұған жауап ретінде Байбек NurOtan партиясының экс-депутаты, бүгінде youtube желісінде видеоблог түсірумен айналысып жүрген Тәңірберген Бердоңғарға сұхбат беріп, оппозиционердің айыптарын терістеп, оны сотқа беретінін мәлім етті. Мұнан соң Мамай Қазақстан соты өзін жығып беретінін мәлім етіп, Байбекті тікелей эфир режимінде ашық дебатқа шығуға шақырды. Ұзамай NurOtan партиясы атынан мәжіліс депутаты атанған Елнұр Бейсенбаев Qazaqstan арнасының журналисі Нартай Аралбайұлының youtube арнасына сұхбат беріп, Мамайдың Байбекті дебатқа шақыруын сынап, Мамайдың өзін дебатқа шақырады. Бұған жауап ретінде Мамай дебатқа басқа-басқаны емес, өзінің сөздерін "өтірік" деген, сотқа беретінін айтқан Байбекті шақырғанын мәлім етеді.
Пікір қалдыру